Арқалық қазақ жасөспірімдер театры белгілі әртіс, ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы – термеші Бөлтірік Молдашұлының 75 жас мерейтойын «Ғибратты ғұмыр» атты сахналандырылған концерттік қойылымымен атап өтті.
Бөлтірік Молдашұлы киелі Торғай жерінде туып-өсіп, кешегі көненің көзін көрген айтулы тұлғалармен қызметтес болған, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған еліміздің қадірлі ақсақалдарының бірі де бірегейі. Ол қашанда өнерін қадірлеген халқымен еркін қанат қағып, тыңдармандары мен көрермендерін тұма бұлақтай, табиғи талантымен сусындата білген тамаша талант иесі.
Алғашқы еңбек жолын сонау 1970 жылдары совхозда клуб меңгерушісі болып бастап, одан кейін Нұрхан Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып жалғастырды. «Ғасырлар пернесі» халық ансамбілінің алғашқы өрені болып, «Бүкілодақтық жастар фестивалінің лауреаты» атанды. Халық театрындағы режиссер болып атқарған еңбегі де өмірінде жарқын із қалдырды.
1980 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Ө. Жәнібековтің шақыруымен Торғай облыстық музыкалық қазақ драма театрына актер болып қызметке орналасты.
Бөлтірік аға сомдаған рөлдер нанымды, түсінікті, шынайылығымен елдің есінде жатталып қалды. Театрмен біте қайнаса жүріп, сахна өнеріне адалдығын берік ұстап, толымды, айшықты жүзге жуық рөлдерімен қатар, орындаушылық қабілетімен де халыққа кеңінен танылды.
Мерейтойлық кешінде сан қырлы өнер иесіне қала әкімінің және облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамоталары» салтанатты түрде табыс етіліп, иығына шапан жабылды. Өзге де мекеме, ұйым басшылары, замандастары, жақын-жуықтары сый-құрмет көрсетті.
Әріптестері, шәкірттері ән-жырдан шашу шашты.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы