Сәуір айының 6 – сы мен маусым айының 6 – сы аралығында Арқалық қаласы аумағын санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандырудың екі айлығы басталды.
Өткен сенбі күні тазалық айлығы аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, қала іргесіндегі: Нефтебаза, Северный, Новый, Западный және Дачный ықшам аудандарында тазалық күні өтті. Сенбілікке қаладағы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен ұжымдар көптеп атсалысты.
Қала әкімінің орынбасары Ерлан Әмірғалиұлы мәлімдегендей қыс мезгілінде елдімекен аумақтарында қордаланып қалған қоқыстар тазартылып, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер бөлген 5 тиегіш техника және 8 камазбен 150 тоннаға жуық қоқыс қала сыртындағы қоқыс полигонына шығарылды. Демалыспен санаспай ортақ үй – қала тазалығына белсене атсалысқан ұжымдарға алғыс білдірілді.
Қыстан шыққан ел үй-жайларының, қора-қопсыларының маңын ретке келтіріп, өздері тұратын көшенің тазалығына жауапты болуы тиіс. Алайда, тазалықтың алғашқы күнінде алдын ала хабарланса да кейбір кент тұрғындары тарапынан белсенділік байқалмады.
«Бүгін қаланың барлық мекемелерінің қатысуымен жалпықалалық сенбілік өтті.
Осы іс-шараға “АМАNAT” партиясының атынан атсалысып, қаламызды тазартуға көмек көрсеттік. Тұрғылықты жерімізге деген қамқорлықты сөзбен емес, осылайша іспен дәлелдеуіміз керек,-дейді “АМАNAT” партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет.
Арқалық қаласы.