Арқалық қаласына арнайы жұмыс сапарымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Төтенше жағдайлардың алдын алу» комитетінің төрағасы С. Жүнісбеков келіп, қаланың көктемгі қауіпсіздік шараларына дайындық барысымен танысты.
Алдымен комитет төрағасы, қала әкімі Әмірхан Асанов, облыстық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Дамир Ермағамбетов, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Асылхан Нұрғалиевтермен бірге қаланың темір жол вокзалы алаңында сап түзеген азаматтық қорғаныс жасақтары мен күш-құрылымдардың дайындығын қарады.
2025 жылғы кезең бойынша Арқалық қаласы және ауылдар аумағында су тасқыны кезеңіне дайындық және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтимал залалдарды барынша азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру шаралары жолға қойылған.
Қазіргі таңда 38 мотопомпа, 4477 қап, 5 тонна жанар-жағармай, 4 қайық, 45 дана құтқару кеудешелері әзірленіп, қауіптің алдын алу үшін мекемелермен меморандум жасалған.
Келесі кезекте комитет төрағасы қала іргесіндегі кенттерге ат басын бұрып, суағар құбырлар, еріген қар суы ағатын арықтарды да өз көзімен көріп шықты.
Ауа — райы жағдайына байланысты су басу аймағында тұрған қаланың Северный кентінде 514 аула (1624 тұрғын), Дачный кентінде 232 аула (1500 тұрғын), Новый кентінде 746 аула (3302 тұрғын), Западный кентінде 228 аула (1497 тұрғын) және Родина ауылында 610 аула (2816 тұрғын) бар.
Әкімдікте сала өкілдерімен жиын өткізіп, көктемгі су тасқынына қарсы шаралар жан жақты пысықталды. Тиісті сала басшылары мен мамандары қар шығару, нөсер – кәріз желілерін орнату, қарғын суға кәріз сорғы станцияларының дайындығы, суағар құбырларды тазарту сынды жұмыстар жайында ақпарат берді.
Новый кентінде тұрғын үйлерді су басудың алдын алу мақсатында жалпы ұзындығы 5,2 км жол бойына қосымша 47 су өткізгіш құбырлар орнатылып, арықтар қазылды. Дачный кентінде жалпы ұзындығы 300 метрді құрайтын арықтар қазылды.
Северный кентінде жалпы ұзындығы 7685,1 м нөсерлі кәріз желілерінің құрылысы аяқталды.
Қала аумағындағы нөсерлі кәріз құбырларын тазалау, жөндеу жұмыстары да мәресіне жетті.
Өткен жылғы апатты су тасқынынан кейін аудандық маңызы бар жолдардағы көпірлер мен су өткізгіш құбырларды жөндеу бойынша қала аймағында жалпы сомасы 549,5 млн теңгеге 3 көпір мен 10 су өткізгіш құбырларға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жиын қорытысында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Төтенше жағдайлардың алдын алу» комитетінің төрағасы Серік Тұрсыналиұлы көктемгі қауіпсіздік бойынша жасалып жатқан жұмыстар министрліктің жіті бақылауында болатынын айтып, қабылданып жатқан шаралар жүйелі түрде, сапалы атқарылса қар суынан келетін қауіптің алдын алуға болатынына сенім білдірді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы