11 июня, 2025
Арқалықта келіндер сайысы өтті

Арқалықта келіндер сайысы өтті

Қалалық«Ең әдемі келіншек — 2025»байқауы көрермендердің көзайымына айналды. Байқаудың басты ұстанымы – қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып, әдет-ғұрпын құрметтеген инабатты, ибалы келінін дәріптеу.

Отбасының ұйытқысы келін екендігін пайымдату. Келінге деген сыйластықты ояту, ананың өмірдегі маңыздылығын ұғындыру. Үміткерлер «Мен бақытты анамын!» (өзін -өзі таныстыру), «Дәстүрді білесің бе?» (сұрақ-жауап), «отбасым тірегім» (отбасымен өнер көрсету), «Мерекелік тәтті» (аспаздық шеберлік), «әдемі – ау» (кешкі киім үлгісі) шарттары бойынша сынға түсті.

 Қойылған талаптар: үміткер міндетті түрде отбасылы, балалы болуы, жас ерекшеліктері 20-40 жас аралығында болуы қажет.

 

Күтілген уақытта жандарына ізгілікті серік еткен 7 келін сахна төрінен табылды. Олар байқаудың шарттарына сай алма кезек бой көрсетіп, сыннан сүрінбей өтуге күш салды.

Театрландырылған қойылымға дейін көрсетіп, өздерінің жан-жақты екендіктерін дәлелдеді.

Бірнеше сағатқа созылған тағылымды байқаудың нәтижесінде қалаға қарасты Фурманов тірек ауылының үлгілі келіні, бес баланың анасы Әсем Хамзина байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.

Байқаудың толық қорытындысына тоқталар болсақ, түрлі аталымдар, жүлделі орындар табысталып, келіндерге сый-құрмет көрсетілді.

«Дәстүрлі келін» аталымына Айым Байдырахман (Б.Майлин атындағы жалпы білім беретін мектебі, 3 баланың анасы), «Үлгілі келін» аталымына Салтанат Сыздықова (Арқалық медициналық колледжі, 3 баланың анасы) ие болды.

Ал, үшінші орынды Нұрайым Темірбай (№2 жалпы білім беретін мектебі, 2 баланың анасы), Шынар Сәбитбек (Ы.Алтынсарин атындағы гимназия, 2 баланың анасы), екінші орынды Таңшолпан Жұмахан (Арқалық политехникалық колледжі, 2 баланың анасы), бірінші орынды Самал Бекмағанбетова (Родина ауылы, 4 баланың анасы) иеленді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы