Арқалықта ірі жобалар іске асады

Арқалықта ірі жобалар іске асады

Биыл Арқалық қаласында өңір экономикасының өнеркәсіп секторын дамыту үшін 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, жалпы құны 350 млрд теңгеге жуық үш инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жөнінде қала әкімі Әмірхан Асанов Қостанай өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауында нақты секторды дамытуға басымдық  беріп, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керектігін айтқан болатын. Осы бағытта Арқалықта бірқатар жобалар қолға алынып отыр.

Үш ірі жобаның бірі –  Қостанай тау-кен металлургиялық корпорациясы қолға алған “Маятас” кластерлік кен орнын геологиялық зерттеу және тау-кен байыту комбинатының құрылысы 2027 жылға дейін жоспарланған. Жоба құны 315 млрд теңге. Толықтай салынып біткен күнде 1200 жұмыс орны ашылады.

Жыл басынан бері кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен геологиялық барлау жұмыстарына 1,2 млрд теңге инвестиция құйылды. Бүгінде 7 мың геохимиялық сынама алынып, 7 мың метрге жуық ұңғыма бұрғыланды. 126 шаршы метр аумақта магниттік және радиобарлау жұмыстары жүргізілді. Ұңғымалар бойынша зертханалық мәліметтер алынды. Деректерді өңдеу орындалуда. Электр барлау, арықтарды қазу, геохимиялық желіні қалыңдату, оның қорытындысы бойынша бұрғылау жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр.

Екіншісі – «KazWindEenergy» ЖШС бастаған қуаты 48 МВт жел электр станциясының құрылысы. Кәсіпорында 20 жұмыс орнын құрылмақ. Жоба құны 24 млрд 300 млн теңге.

Қазіргі таңда биіктігі 110 метр болатын 10 жел электр станциясы орнатылып, 3 әкімшілік ғимарат салынып жатыр. Жобаны осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Үшіншісі – «Конкорд Инвестментс» ЖШС құны 7 млрд 400 млн теңгені құрайтын отқа  төзімді балшықтарды өндіру және сирек кездесетін жер шикізатын өңдеу бағытында жұмыс істейтін жобасын іске асыруды бастады. Мұнда 670 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Бүгінде  компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге лицензиясын алды.

Саздың алғашқы жөнелтілімі осы жылдың желтоқсан айында жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, компания Tорғай боксит кен басқармасының бұрынғы 29 қызметкерін жұмысқа алды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін кәсіпорын 100 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                  Арқалық қаласы.

 

Жаңалықтармен бөлісу