Арқалық политехникалық колледжінде өткен «Екі жұлдыз» қалалық жұлдызды жұптар байқауында халық және заманауи әндер көптеп шырқалды.
Онда қаладағы жоғары және орта кәсіптік оқу орындарының ұстаздары мен білім алушылары бақ сынады. Барлығы 9 жұп өнер көрсетті.
Байқауға аймақтық «Торғай әуендері» фестивалінің лауреаты, қалалық мәдениет сарайының музыкалық жетекшісі Елугүл Әбдікәрімова, қосымша білім беру орталығының педагогі, облыстық термешілер байқауының жеңімпазы Нұрдәулет Тойшин, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Данияр Қожахметовтер қазылық етті.
Қатысушы жұптар өздері туралы бейнероликтер дайындап, айтқан әндеріне сахналық қойылым көрсетті. Ережеге сәйкес, шығарманың таза, сапалы, табиғи дауыста орындалуы қадағаланды.
Осылайша, көпшілік көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жұлдызды жұптар сахна төріне алма-кезек шығып, жүзден жүйрік анықталар жарыс мәресі де келіп жетті. Қорытындысында барлық қатысушыларға құрмет көрсетіліп, мадақтамалар, жүлделер табыс етілді. Байқаудың бас жүлдесін Арқалық көпсалалы колледжінің ұстазы Ақбота Мұратбекқызы мен шәкірті Майя Бектұрсынова жеңіп алды.
«Біздің ниетіміз оқу орнында жастарға тек білім алу ғана емес, олардың қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысатынын көрсету. Сонымен қатар, ұстазбен білім алушының қарым-қатынасын нығайту, жан-жақты өнерлі ұрпақ тәрбиелей отырып, талантты жастарымыздың өнерін елге паш ету. Ел ішінде сақталған асыл мұраны сақтап, өркендете берсек дейміз. «Өнер талантты өсіреді» деген. Көптің құрметіне бөленген өнерпаздарымыздың келешекте орындаушылық шеберлігімен, талғампаздығымен үлкен табыстарға қол жеткізе беруін тілейміз», – дейді байқаудың ұйымдастырушысы, Арқалық политехникалық колледжінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің инспекторы Алданыш Хамитжанқызы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы