Арқалық қаласына қарасты Ақтас ауылынан (бұрынғы Мирный ауылы) 10 шақырым қашықтықта өрт болды.
10 қазан күні кешқұрым, яғни 21:38-да ауыл сыртындағы 10 га ашық аумақта құрғақ шөп тұтанып, арты алапат өртке ұласқан.
Оқиға орнына қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінен 3 адам, 1 техника, №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, 5 адам, 1 арнаулы техника (АЦ), Родина ауылдық округінен ерікті өрт сөндіру жасағы – 5 адам 1 жеңіл автокөлікпен шығып, жедел бірлескен іс-қимылдардың арқасында өрт уақтылы сөндірілді.
«Құрғақ шөпті, сабанды және өсімдік қалдықтарын жағу қауіпті екенін қайталап ескертеміз. Апаттың алдын алу оның салдарымен күресуден гөрі әрқашан жеңіл. Көбіне шөп жағу ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін әдейі жасалады. Алайда көп жағдайда құрғақ шөптің жануы бақылаудан шығып, кең ауқымға таралып, қоғамға зор зиянын келтіреді. Желдің әсерінен өрт барлық бағытқа тез таралады. Өрттің салдары тұрғын үйлердің, қосалқы ғимараттардың жойылуына, жан-жануарлардың өліміне, экожүйелердің бұзылуына әкеледі. Қазіргі уақытта құрғақшылық болғандықтан, өрттің таралу қаупі өте жоғары», –дейді қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Асылхан Нұрғалиев.
Тілсіз жаудың туындауына қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу себеп болған. Кінәлі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.