Арқалықта жас балуандар дзюдо күресінен сынға түсті

Арқалықта жас балуандар дзюдо күресінен сынға түсті

Арқалықта дзюдо күресінен қала әкімінің кубогіне арналған облыстық турнир жалауын көтерді. Бұл турнир жас ұрпақ үшін еркіндіктің, тектіліктің, кеңдік пен дархандықтың символына айналған. 

Сайыс 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер мен қыз балалар арасында өтті.

Дүбірлі додаға облысымыздың 4 қаласы мен 7 ауданынан келген 210 спортшы 18 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.

Турнирдің салтанатты ашылуы споршылардың сап түзеген шеруімен, еліміздің асқақ әнұранымен, бишілердің мың бұралған биімен айшықталды. Балғын балуандарға қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаевтар жылы лебіздерін білдіріп, қадамдарына сәттілік тіледі.

«Қайрат» спорт кешенінде ұзақты күн өткен жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлер де аз болмады. Бірінші орын алған спортшыға кубок, екінші, үшінші орын иелеріне медаль, мадақтамалар табыс етілді. Қысқасы қала, аудандардан қатысқан спортшылардың құралақан қайтқаны жоқ.

   «Қостанай облысының спортшылары қашан да жақсы нәтижеге ие болып келеді. Соңғы жылдардың өзінде Нұрсұлтан Қабылан, Самалай Ерғалиева, Маргарита Гриценко, Балғабай Досбол, Еркебұлан Орынбаев сынды балуандарымыз жасөспірімдер және жастар арасында жоғары жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Алдағы Наурыз айының алғашқы аптасында Қарағанды облысында өтетін жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында да спортшыларымыз жақсы өнер көрсетеді деген үміттеміз. Жалпыға белгілі Арқалық күрестің нағыз қайнаған жері. Біздің де осы жердегі айтулы бапкерлерден үлгі алып, үлкен дәрежеге жеткіміз келеді», – дейді Лисаков қаласының аға жаттықтырушысы, дзюдо күресінен ұлттық дәрежедегі төреші Қайрат Берденбек.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу