Арқалықта ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі  күн сайын ұйымдастырылатын болды 

Арқалықта ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі  күн сайын ұйымдастырылатын болды 

Күз шаруа баққан ағайынның жаз бойы атқарған тынымсыз еңбегінің жемісін алға тосатын мезгіл. Әрбір тұрғынның қысқы азық-түлік қорын қамтып алатын шақ. Осыны ескерген Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов қалада апта сайын өткізілетін жәрмеңкені күн сайын ұйымдастыруға пәрмен берді.

Халықтың әл-ауқатын арттыру-бұл ең алдымен мемлекет басшысының тапсырмасы. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесі қала орталығында жиі өткізіліп жатқанына өнім өндірушілер де тұтынушылар да дән риза. Әркім өз керегін алып, мол өнімнен таңдау мүмкіндігі туған сауда-саттық барысы екі жаққа да тиімділігін көрсетуде. Өнім өндірушілер арадағы делдалдарсыз нарыққа тікелей шығып тұрғандықтан, өндірілген өнімдердің де бағасы базардағыдан неғұрлым арзан.

Кезекті жәрмеңкеге Ашутасты ауылынан 4 тоннадан астам  өндірген өнімінің келісін 140 теңгеден сатқан «Бижан» жеке кәсіпкерлігінің иесі Бағнұр Ғапарғалиұлы ауылындағы «Арқалық тәжірибе стансасы» ЖШС-мен бірлесіп, 24 гектарға картоптың «Гала» деген тұқымын еккен. Өнім өндірілді, енді соны ұқсататын уақыттың мезгілі туды.

   «Мына жәрмеңкеде сатылып жатқан картоптың түсі жақсы екен. Алдымен аздапүйге апарып дәмін көріп, ұнап жатса молынан алмақ ойым бар. Үлкен кісілер болғасын жұмсақ әрі жылдам піскенін қалаймыз»,– дейді қала тұрғыны, зейнеткер Сәуле Спандиярова.

Арқалық қалалық ауылшаруашылық бөлімінің есебінше қала халқын картоп пен көкөніс егісін ұлғайту және қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалықтардың өндірісінде биыл өткен жылмен салыстырғанда жертоқашты 59 гектардан 80 гектарға, көкөністі 33 гектардан 40 гектарға дейін өсірген. Ал, 2024-2025 жылдары егістік жер көлемінде жертоқашты 100 – 120 гектарға дейін, көкөністі 50 – 60 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

 

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу