Арқалықта «Аталар берген баталар» атты дәстүрлі қалалық бата беру сайысы өтті.
Бата беру-адал ниет, жақсы тілек білдірудің дәстүрі. Дастархан басында, түрлі жиын-тойларда, адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуанышты кезінде қол жайып, бата береді.Сондай-ақ, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілеп бата береді.

Бата қысылғанда- қуат, қиналғанда-медет беріп, әрбір іс-әрекетке даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп саналған.

Сайысқа қатысуға белдерін бекем буған аталарға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров ақ жол тіледі.

Сайыс: «Сәлем сөздің анасы» (ұлттық киімде өзін таныстыру), «Өнерім-өрісім» (отбасымен өнер көрсету, ән, күй, қол өнер т.б), «Бата халық – қазынасы!» (жеребе бойынша түрлі тақырыпта баталар беру) сынды үш кезеңді қамтыды.
«Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батыр, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған», – дейді сайысты ұйымдастырушы қалалық мәдениет сарайының әдіскері Айбол Айдарұлы.
Қала және қалаға қарасты ауылдардан 60 жастан асқан ақсақалдар қатысқан сайыста “Өнерлі қария” номинациясын Төлеубай Әбілдин(Фурманов ауылы), “Көрермен көзайымы”номинациясын Тілеген Омаров (Ашутасты ауылы) lll-орын Қадыр Нұрсұлтан (Аққошқар ауылы) ll-орын Жұмабек Қараұлы(Әбдіғаппар хан ауылы) l-орын Марат қажы Сұлтанбеков (Арқалық қаласы) иеленді.

Барлық үміткерлер бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
