Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен елімізде маусым айының үшінші жексенбісі Медицина саласы қызметкерлері күні болып белгіленген.
Осыған орай, қала әкімі Әмірхан Асанов медицина қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, марапаттарын табыс етті.
Медицина саласы — қоғамдағы аса жауапты мамандық болып саналады. Адам жанының арашасысы болған дәрігерлеріміз үнемі дертке шипа табуға ұмтылып, өздерінің білім — тәжірибелері мен күш — жігерлеріносы жолда аянбай жұмсап келеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық медицина алдына үлкен әрі жауапты міндеттер қойып отыр. Медицина қызметкерлері жаңа технологияларды, диагностикалау мен емдеудің инновациялық әдістерін игеруде. Жыл санап әлемдік өркениетпен бірге медицина саласы да қарыштап дамып келеді. Түрлі дертпен күресте қауқарлы болуымыз үшін елімізде білікті мамандар даярлау мен денсаулық сақтау нысандарын заманауи медициналық құрал — жабдықтармен қамту мәселесі оң шешімін табуда», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов медицина қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты жиында.
Өткен жылы Арқалық өңірлік ауруханасына науқастардың дертін анықтау, өз деңгейінде ем жасауға арналған заманға сай түрлі медициналық аппараттар 180 миллион теңгеге жуық қаражатқа сатып алынса, биыл да 264 миллион теңгеден астам қаражатқа соңғы үлгідегі медициналық құрылғылар сатып алынуда. Нәтижесінде, аурухананы медициналық аппараттармен жабдықтау көрсеткіші 90%-ке жуықтап отыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы