Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған «Аяулы асыл жандар» атты кездесу кешінің салтанатында қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, әр салада еңбек етіп жүрген, көп жылдық еңбегі бар нәзік жандарға гүл шоқтары табыс етілді.
«Қай кезде де әрбір халық үшін әйел жанының жылулығы мен сұлулығы, мейірімділігі мен кеңдігі әлемге рух беріп келеді. Ата – бабаларымыз әйелдің жаратылыстағы маңыздылығын «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Бүгінгі бар тіршілік, бақытты өмір әйел – ананың аялы алақанында. Аналар мейрамы қашанда ең ізгі, ең қастерлі сезімдерге толы болып қала бермек», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Біркенұлы асыл аналарға деген өз құттықтауында.
Әсем әуен көңіл тербеген мерекелік кеште ақ тілектер қатары толассыз жалғасын тапты.
Арқалық қаласының құрметті азаматы, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Қалтаева, қалалық «Қоғамдық кеңес» төрағасы Сандуғаш Алматова бастаған өмірлік тәжірибесі мол, елге сыйлы аналар жылы лебіздерін білдіріп, өздеріне көрсетіліп жатқан сый – құрметке алғыстарын айтты.
Мерейлі шақта құрметтеліп сөз беріліп, қала басшысымен бірге мерекелік дастархан басынан табылғандардың қатарында «Алтын алқа» иегерлері Сәуле Қабылдақызы, Күләш Аманбаева, Күлнәзия Жанарбаева, Дариға Алпысбаева, сондай –ақ «Қазына» халықтық хорының мүшелері Ғалия Байзақова, Валентина Григорьевна, ҚР Мәдениет қайраткері Рая Байкөбен тәрізді ел өнерін асқақтатып жүрген ардақты апа – аналарымыз бар.
Тіршілік өзегін жалғаған асыл жандарға арнап, қала өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген — автор
Арқалық қаласы