Онда Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Салауатты сана» жобасының мақсаты мен идеологиялық құндылықтары назарға алынды.
Жобаны жүйелі іске асыру үшін кеңес құрамына заңгер, психолог, дәрігер, журналист, кәсіпкер басқа да қажетті мамандар қабылданды.
Келелі кеңеске Арқалық қалалық Полиция басқармасы, ювеналды полиция тобының инспекторы М.Байсалбекова, Арқалық аймақтық ауруханасы, Жасөспірімдер кабинетінің гинеколог — дәрігері Г.Бекенова, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің аға- оқытушысы, магистр — психолог Г.Смаилова және Б. Майлин атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің психологы С.Куликовалар қатысты.
Сондай — ақ, кеңесте «Жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу» мәселесі де қаралды. Жас ана Г. Ағзабайқызы қалаға жасөспірім қыз балалардың бос уақытын өткізетін орталық қажет екендігін тілге тиек етті. Алтын алқалы ана С.Жанақбаева ұлттық тәрбиеге сүйеніп, әрбір ана, білім орындары қыз тәрбиесіне жіті қарау керектігін алға тартты.
Кеңейтілген отырыстың шешімі де көлемді болды. Атап айтқанда: «Аналар кеңесінің» жаңа тізімін бекіту, ұзақ жылдан бері ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келе жатқан кеңес мүшелері, ардақты аналар Күләйхан қажы Нұрғалиева мен белгілі кәсіпкер Тамара Соколоваға ҚХА Арқалық қалалық Аналар кеңесінің «Құрметті мүшесі» атағын беру, үстіміздегі оқу жылының аяғына дейін жастар және оқушылар арасында өзекті мәселелер тақырыбында конференция өткізу, алдағы қыркүйек айында кең көлемді аудитория аясында «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» атты қалалық «Аналар форумын» ұйымдастыру жоспарланды.
«Біздің мақсатымыз – елімізде саналы, салауатты, Отанын сүйетін патриот, адамгершілігі мен жауапкершілігі мол, білімді, қоғамдағы әлеуметтік кеселдерге қарсы тұра алатын тұлға тәрбиелеу. Оны іске асыру үшін кеңестің әрбір мүшесі, жалпы аналар қауымы айрықша атсалысуы қажет. Алда да ауқымды іс — шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Тыңдаушылардың көз алдында арнайы мамандар берген ақпарат жастардың сенімін арттырады, әсерлі әрі нәтижелі болады», – дейді қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы Бақытжамал Қалтаева.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ Арқалық қаласы