Арқалықта қалалық «Аналар кеңесінің» 10 жылдық мерейтойына орай «Аналар жүрегі-әлемнің тірегі» атты аналар форумы өтті.
Аналардың қоғамдағы рөлін арттыру, ананыңмейірімі мен рухани тәрбиесінің маңызы туралы ой бөлісу, ананың құқығы мен мәртебесін қолдау, қорғау форумның басты арқауына айналды.
Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов асыл жандарға ізгі лебізін білдіріп, олардың қоғамдағы орнының айрықша рөл атқаратынын алға тартты.

Аналар кеңесінің негізін қалаушы, төрайымы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Бақытжамал Қалтаева, Арқалық өңірлік ауруханасының акушері Айдана Ускина, Арқалық қаласы Полиция басқармасы әйелдер ісі жөніндегі аға инспекторы Айгүл Қайратқызы тақырыпты баяндамаларын жасап, тұщымды ой-пікірлерімен бөлісті.


Сахна төрінде елге еңбегі сіңген аналармен сұхбат өткізіліп, олардың тағылымды өмір жолдары үлгі етілді. Олардың қатарында: «Әйел әже» — 90 жасқа таяп қалған құрметті әже Жұмакүл Ақтасова, «Әйел басшы» — Құрмет орденінің иегері, әріптесіміз, жергілікті «Арқа дидары» телеарнасының басшысы Айткүл Бекентай, «Әйел жұмысшы» — құрылысшы Гаухар Боранбаева, «Әйел ұстаз» — А.Құнанбаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Жапарова, «Әйел кәсіпкер» — жеке кәсіпкер Ақмарал Жарасқанова форумның құрметті қонағы болды.

Қонақтар ашық-жарқын өмір жолдарынан сыр шертіп, жас ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне қашанда тілектес екендіктерін білдірді.

Қатысушы аналар, қала өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, тағылымды іс-шараның шырайын шығарды. «Әжелер ансамблі» өз өнерлерін ортаға салып, тыңдарманының көзайымына айналды. Мерейлі шақта өз ісімен көпшілікке өнеге болып жүрген ардақты аналарға сый-құрмет көрсетіліп, қала әкімінің Алғыс хаттары мен гүл шоқтары салтанатты түрде табыс етілді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
