Арқалықта алғаш рет “Сырлы ене, сұлу келін” атты қалалық байқау өтті

Арқалықта алғаш рет “Сырлы ене, сұлу келін” атты қалалық байқау өтті

Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған байқауда бақтарын сынаған қатысушылар ұлттық тағамдар әзірлеп, өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын көрсетті, “Қыз ұзату”, “Бесікке салу” сынды салт-дәстүрлерімізді насихаттады.

– Келінін өз қызындай көріп, ақыл-кеңес беріп отыру, білмегенін айтып, үйретіп, тәрбиелеу сияқты ененің де келіні алдындағы қарыз-парыздары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды сақтап, өз ұрпақтарына жалғастыруға бағыттау парыз. Аналық міндеттерін есіне салып, ашық-жарқын, мейірімді ана-ене бола білу керек. Егер, отбасындағы екі әйел өз орнымен парыз-міндеттерін орындап, өзара қарым-қатынастары сыйластықпен, бірін-бірі құрметтеуден жаңылмаса, ол отбасында бақ-береке, бірлік пен татулық, сыйластық болады. Ынтымағы жарасқан отбасына айналады.  Бұндай отбасында тәрбиелі, тәртіпті, ақылды ұрпақ өседі. Ал, ене мен келін тату болмай, бірін-бірі құрметтеуден алшақ болса, отбасының берекесі кетіп, ұрыс-керіс, келіспеушілік, кейкілжіңге ер адамдардың араласуы жақсылыққа апармайды. Түбінде ерлі-зайыптылардың ажырасуына әкелуі мүмкін. Бұндай жағдайлардың болып жатқанын жасыра алмаймыз. Әйел – отбасының шынайы ұйтқысы. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан», – дейді халқымыз. Келін болып түскен әулетінің ұрпағын өсіру, сол үйдің көсегесін көгертіп, көрпесін ұлғайту, есігінен қонағы кетпейтін, ошағынан қазаны түспейтін ибалы, отбасының бірлігі мен берекесін сақтайтын ана болу – келіннің парызы, – дейді қалалық «Аналар кеңесінің» және қазылар алқасының төрайымы Бақытжамал Қалтаева.

Байқаудың бас жүлдесін «Северный» кентінде орналасқан №10 жалпы білім беретін мектебінің ұлағатты ұстазы Жанар Әбіш пен келіні Саманта Бектепбергенқызы жеңіп алды.

– Біз қазақ халқы өз баласы шыр етіп дүниеге келген сәттен ұрпағын ұлттық салт-дәстүрмен отбасылық тәрбиеде өсірген елміз. Қызыма ақыл айту арқылы келінімді тәрбиелеп жүрген ұлағатты аналардың бірімін, – дейді байқау жеңімпазы Жанар Серғалиқызы.

Олай болса, ел бірлігі мен ынтымағы жарасқан, бақыты мен берекесі тасыған отбасыларымыз көбейе берсін дейміз.

Мұрат Жүнісұлы.

Суреттерді түсірген автор.

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу