Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған байқауда бақтарын сынаған қатысушылар ұлттық тағамдар әзірлеп, өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын көрсетті, “Қыз ұзату”, “Бесікке салу” сынды салт-дәстүрлерімізді насихаттады.
– Келінін өз қызындай көріп, ақыл-кеңес беріп отыру, білмегенін айтып, үйретіп, тәрбиелеу сияқты ененің де келіні алдындағы қарыз-парыздары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды сақтап, өз ұрпақтарына жалғастыруға бағыттау парыз. Аналық міндеттерін есіне салып, ашық-жарқын, мейірімді ана-ене бола білу керек. Егер, отбасындағы екі әйел өз орнымен парыз-міндеттерін орындап, өзара қарым-қатынастары сыйластықпен, бірін-бірі құрметтеуден жаңылмаса, ол отбасында бақ-береке, бірлік пен татулық, сыйластық болады. Ынтымағы жарасқан отбасына айналады. Бұндай отбасында тәрбиелі, тәртіпті, ақылды ұрпақ өседі. Ал, ене мен келін тату болмай, бірін-бірі құрметтеуден алшақ болса, отбасының берекесі кетіп, ұрыс-керіс, келіспеушілік, кейкілжіңге ер адамдардың араласуы жақсылыққа апармайды. Түбінде ерлі-зайыптылардың ажырасуына әкелуі мүмкін. Бұндай жағдайлардың болып жатқанын жасыра алмаймыз. Әйел – отбасының шынайы ұйтқысы. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан», – дейді халқымыз. Келін болып түскен әулетінің ұрпағын өсіру, сол үйдің көсегесін көгертіп, көрпесін ұлғайту, есігінен қонағы кетпейтін, ошағынан қазаны түспейтін ибалы, отбасының бірлігі мен берекесін сақтайтын ана болу – келіннің парызы, – дейді қалалық «Аналар кеңесінің» және қазылар алқасының төрайымы Бақытжамал Қалтаева.
Байқаудың бас жүлдесін «Северный» кентінде орналасқан №10 жалпы білім беретін мектебінің ұлағатты ұстазы Жанар Әбіш пен келіні Саманта Бектепбергенқызы жеңіп алды.
– Біз қазақ халқы өз баласы шыр етіп дүниеге келген сәттен ұрпағын ұлттық салт-дәстүрмен отбасылық тәрбиеде өсірген елміз. Қызыма ақыл айту арқылы келінімді тәрбиелеп жүрген ұлағатты аналардың бірімін, – дейді байқау жеңімпазы Жанар Серғалиқызы.
Олай болса, ел бірлігі мен ынтымағы жарасқан, бақыты мен берекесі тасыған отбасыларымыз көбейе берсін дейміз.
Мұрат Жүнісұлы.
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы