Арқалық қаласында өткен тойдан кейін 85 адам, соның ішінде 7 бала астан уланып, медициналық көмекке жүгінді. Алдын ала мәлімет бойынша, қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен тойдан соң тұрғындар қызулары көтеріліп, жүрек айну, әлсіздік сияқты белгілерді сезіне бастаған. Бірнеше науқас Жангелдин аудандық ауруханасына, Арқалық қалалық емханасына және облыс орталығындағы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың барлығы тиісті ем қабылдап жатыр, жағдайлары тұрақты деп бағалануда.
«Санитарлық авиация арқылы инфекционист дәрігерлерден, штаттан тыс мамандардан, терапевттер мен педиатрлардан құралған мамандар тобы жіберілді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Жангелдин ауданында 27 науқас, Арқалықта – 52, облыстық ауруханада – 6 адам бар. Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, өмірлеріне қауіп жоқ. Қазір басқарма басшысы сол жаққа кетті», – деді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы «ауруханаларда орын жетіспей жатыр» деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары уланудың нақты себебін анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
