Биыл қалада көптеген ауқымды жобалардың жүзеге асып жатқаны мәлім. Су, жылу, кәріз құбырлары алмастырылып, көшелер жөнделіп жатыр. Бірнеше ғимараттар қайта қалпына келтіріліп, күрделі жөндеуден өтуде.
Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев қала әкімі Әмірхан Асановпен бірге осы жасалып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты.
Көп жылдардан бері ақаулы деп танылып тұрған қаладағы мәдениет сарайының ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы да бірнеше жылдың жүзі болды.
Мердігерлер тендрді ұтқанымен істі қолға алуға келгенде түрлі сылтау тауып тым созбақтатып жібереді. Жалғыз бұл жер емес мұндай жағдайлар өзге обьектілерде де кездесіп қалып жатады.
Мәдениет сарайын жөндеп жатқан қазіргі мердігерге де істі жылдамдату қажеттігі ескертілді. Жұмыс күшін еселеп, қарқындатпаса міндеттелген мерзімінен кешігері кәміл.
Бірқатар нысандардың құрылысы алдағы тамыз айының орта шеніне дейін аяқталуы тиіс. Бұл тұрғыда бұрынғы Қазақстан кинотеатры ғимаратын спорт залға негіздеп жатқан мердігер ширақтық танытуда. Сондай-ақ, дарынды балаларға арналған 120 төсектік жатақханада да қарқынды қимыл байқалады. Дәл іргесінде балуандарға арналған спорт зал тың жерден бой көтеруде. Ол құрылыстың да аяқалысы жаман емес.
Берік Тұрсынбекұлы осы ғимараттар шоғырындағы теннист спорт залында болып, спортшылардың жетістіктеріне тәнті болды. Ашылғанына екі жылдай ғана уақыт өтсе де теннист клубының шәкірттері облыста ат оздырып жүр.

Қазір «Келешек мектеп» деп аталатын қаладағы жаңалықты салынған жайлы мектеп құрылысы көрген жанның көзайымы.
Депутат мектепте болып, ондағы мүмкіндіктерге көз жеткізді. Мектеп мұғалімдерімен кездесіп, білім беру саласында жоғары сынып оқушылары үшін қол еңбектерімен қатар «қаржылық сауаттылық» сабағын енгізу мәселесі де өзекті болып отырғанын жеткізді.
Президент пәрменімен басталған «орталық — батыс» күре жолының «құрылысы басталып тоқтап қалды» деген қаңқу сөздеріне де нүкте қойылды.

«Жолдың қазығы қағылып, нобайы бекітілді. Ендігі кезекте дайындық жұмыстарын ілгерілету қажет. Жолдың құрылыс жұмыстары күзде қарқын алатын болады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев.
Арқалықтың әуежайы салынып, ұшақтар ұшатын болады. Президент тапсырмасы мүлтіксіз орындалуы қажет. Әуежай іске қосылса өңірдің әлеуеті артқан үстіне арта түседі. Қаржы мәселесі шешілсе құрылыстың кешеуілдемейтіндігі мәлімделді. Тез құрастырмалы материалдар пайдаланылатын болады. Әлбетте, жыл соңына дейін бітіруге мүмкіндік бар.
Жел электр станциясы өңірге көптік етпейді. Бірі таяу жылдары іске қосылса, екіншісінің құрылысы нақты басталып кеткен. Бастапқысы 10 құрылғыны құраса, соңығысының саны 8 болады. Алайда, қуат өндірімділігі жағынан біріншісінен артып түспесе олқы түспейді. Бұл да болса күн сайын қарыштап жатқан тың технологиялардың жемісі.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті өңір мақтанышы.

«Қазіргі таңда еліміздегі мектеп басшыларының 30 пайыздайы осы қарашаңырақтың түлектері», – деп атап өтті Берік Тұрсынбекұлы университет басшылығымен жүздескенде.
Депутат іргелі білім ордасының жаңалықты істеріне жіті назар аударып, музейін аралап, тілек кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Қаланы жасыл желектендіру күн тәртібінен түспейді. Биыл көктемде егілген 6 мың түп ағаш күтіммен өсірілуде. Қала әкімі айтып өткендей биыл ағаштар қоршалып, келер жылдары ортасына кеспетастар төселеді. Осылайша, күн сайын таңмен таласа жүгіріп, денсаулығын шыңдап жүрген жандарға да қолайлы жағдай туғызылмақ.
«Демалыс саябағы» аталатын орталық саябақ бүгінде көпшіліктің сүйікті тынығу алаңына айналған. Бұрын балалар үлкен қалалардағы қызықты әткеншектерді, өзге де ойын қондырғыларын көксеп келсе енді ол өз қаламызда қолжетімді болды деп ата – аналар алғыстарын айтуда. Балалардың бірнеше ойын алаңдары мен мұндалап, карусельдердің көптігінен көз сүрінеді. Дәл қазір ел мақтаған саябақта жаяу жүргіншілер субұрқағы салынып жатыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
