Көктемгі су тасқынынының алдын алу және ықтимал шараларға жәрдемдесу үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің Қостанай облысы бойынша аумақтық жасағы Арқалыққа келіп жетті.
Қостанай қаласындағы №99260 әскери бөлімінен қарулы күштердің әскери қызметшілері апатты жағдайды болдырмауға арнайы жіберілген.
Елу әскери қызметшіні жергілікті атқарушы орган жатақханаға орналастырып, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етті.
«Әскери қызметшілер таңертеңгі сағат 8:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін су басу қаупі бар кенттерде бел шеше іске кірісіп, тыңғылықты қызмет етуде. Бұл жердің халқының қонақжайлылығына тәнтіміз», – дейді әскери жасақтың тәрбие және идеололгиялық жұмыстар жөніндегі офицері, подполковник Мадияр Өтегенов.
Уақытпен санаспай ерен күшпен іске кіріскен әскери қызметшілерге кент тұрғындарының айтар алғыстары мол.
Жаңылсын Молдағалиева,
Северный кентінің тұрғыны:
«Әскери қызметшілер келіп, қарымызды аршып, жеке иеліктегі жерлерімізді тазартып, су басып кетудің алдын алу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Ауламызға кіріп, есік алдында тұрып қалған қардың бәрін шығарып берді. Қақпамыздың сыртына дейін тазартып, жиналған суды шығарып, үйдің іргесін құм төгіп биіктетіп су кірмейтіндей етіп биіктетті.
Айтқазы Көбелдес,
Северный кентінің тұрғыны:
«Қостанайдан келген әскерилер қар басқан үйлердің іргелерін, көшелерді, үйдің аулаларын қардан тазартып жатыр. Біз зейнеткер адамбыз, шамамыз жеткенше қыс бойы қарды шығарған болдық. Алайда, кейінгі соққан борандар қарды қайталап үйіп тастады. Көмек болмаса жағдайымыз қиын болар еді. Елдің қорғаушы азаматтарына зор алғысымызды айтамыз.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы