23 мая, 2025
Арқалық жұртшылығы Наурыз мейрамын атап өтті

Арқалық жұртшылығы Наурыз мейрамын атап өтті

«Наурыз» алаңында киіз үйлер тігіліп, көрме қойылды. Дала саханасында ән-күй әуелеп, тетрландырылған қойлымдар қанат жайып, көпшілікке жақсы мерекелік көңіл сыйлады.

Жаңалықты жөндеуден өткен орталық алаңға жиналған халықты қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Наурыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өткен мен бүгінді сабақтастырып келе жатқан сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың төл мерекесі. Бұл күні татулық пен береке салтанат құрған. Биылғы Наурыз мерекесін ақжолтай жаңалықпен қарсы алып отырмыз. Көкше жерінде өткен ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел көптен күткен орталық батыс көлік жолының құрылысы басталатынын айтты. Арқалықтың әуежайы қалпына келтіріліп, аэровокзал салынатынын жеткізді. Мұның бәрі елдің өркендеуіне тың серпін береді», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.

Наурыз мерекесінің құрметіне әуелеген ән-жырмен қатар сауда-саттық, спорттық ойындар қоса өрбіді.

Қалалық «Жастар ресурстық орталығы» халыққа наурызкөже мен бауырсақ таратты.

Мәулен Сабыржанұлы,

Арқалық қалалық мектепаралық оқу өндірістік комбинатының басшысы:

– Наурыз мерекесіне орай оқушыларымыздың жасаған макеттерін көрмеге шығарып отырмыз. Көрмеде елордамыз Астана қаласындағы «Хан шатыр» ғимараты, сондай-ақ шәкірттеріміздің қиялынан туған балаларға арналған орталық, сауда орнының, оқу орнымыздың ғимаратының жаңа үлгісі көрініс береді. Сондай-ақ, қаламыздағы көрнекті нысандардың бірі теміржол вокзалының макеттері сипатталған.

Ернар Төлеуов,

№2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың кітапханашысы:

 

– Көрмеміз ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларымен бірлесіп, еліміздің азаттығы үшін күрескен, ұлттық баспасөзіміздің ұйтқысы болған көрнекті қоғам қайраткері, ірі саяси тұлға Міржақып Дулатұлының еңбектерін зерттеп, зерделеу мақсатында құрылып отыр. «Алаштың арысы», «Қазақ баспасөзінің жаршысы» атты екі бөлімнен тұрады. Міржақып атамыздың өлеңдер жинағы, жерлес жазушымыз Қайсар Әлімнің «Міржақыптың оралуы», «Мұңды сапар» кітаптарын сонымен қатар тарихи тұлғаның ұрпағы Гүлнар Міржақыпқызының қолжазбаларын көруге болады.

Ботакөз Ғазезова,

Қолөнер шебері:

– Көркемөнер пәнінің мұғалімімін. Он жылдан бері қолөнермен айналысып келемін. Көрмеде жануарлардың пішіндері, кесте, құрақ, жүнді құрғақ басу, терінің көркем өңдеу тәсілдерімен жасалған бұйымдар және ұлттық киім үлгілері топтастырылған. Халық келіп көріп жатыр. Қызығушылардың қатары мол.

Бимаржан Алпысбайқызы,

қала тұрғыны:

– Наурыз» мейрамын немерелеріммен бірге тамашалап жүрмін. Көктем келіп, елдің арқа-басы кеңіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні жақсы тойланып, мерекеленуде. Президентіміздің пәрменімен өңірмізде жол салынады, әуежай ашылады деп жатыр. Әрдайым, осындай жағымды жаңалықтар көп болып, еліміз көркейіп, гүлдене берсін.

Бақытжамал Қалтаева,

Арқалық қаласының құрметті азаматы, қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы:

– Бұл бір еліміз үшін теңдесі жоқ үлкен мереке. Ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғыртып, болашаққа апаратын бірден бір ұлық мейрам. Биылғы Наурыз мерекесінде де аналар қауымы өз белсенділіктерін көрсетіп, «Әжелер ансамблі» әнімізді айтып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жатырмыз.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы