Қостанайдың мөлтек аудандарында әз-Наурыз кеңінен аталып өтуде

Қостанайдың мөлтек аудандарында әз-Наурыз кеңінен аталып өтуде

Бүгін қаланың мөлтек аудандарында әз-Наурыз мерекесі ерекше салтанатпен тойланып жатыр. Бірнеше үйдің тұрғындары бірігіп, нағыз думанды мерекенің көрігін қыздырды.

Ұлыстың ұлы күнінде жұртшылық асық атып, арқан тартып, ұлттық ойындар ойнап, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Дастарқан жайылып, наурыз көже үлестірілді.

Қала бойынша 26 аула тұрғындары ұйымшылдық танытып, өз аулаларында дастарқан жайып, киіз үйлер тігіп, бір-біріне ақ тілектерін арнады. Олар ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, көне ғұрыптарды жаңғыртуға ерекше мән берді.

Балалар мен жасөспірімдер үшін қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Қостанайлықтарды қала әкімі Марат Жүндібаев те құттықтап, аралап шықты.

«Наурыз тойының маңызы жылдан жылға арта түсуде. Бұл – бірлік пен татулықтың мерекесі. Садовая көшесінің тұрғындары екінші жыл қатарынан бас біріктіріп, Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтуде. Бұл – ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің айқын көрінісі», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Салтанатты жиында Шоқан қажы Ғазизұлы жиналған қауымға ақ батасын беріп, елге тыныштық, береке-бірлік, молшылық тіледі.

Қала тұрғындары ұлттық киім киіп, ән шырқап, би билеп, ұлы мерекенің сәнін келтірді.

Ұйымдастырушылар бұл игі дәстүрдің алдағы жылдары да жалғасатынын айтып, Наурыз мерекесін осындай кең көлемде тойлау арқылы қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттауға үлес қосатындарын жеткізді.

 

Айтолқын Айқадамова

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу