Арқалықта «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Таза аула» акциясы өткізіліп жатыр.
Акция аясында тұрғындар өздері тұратын үйлердің аулаларында сенбілік ұйымдастырып, қоқыстарды жинау, ағаштарды әктеу, орындықтарды сырлау жұмыстарын жұмыла жүргізеді.
Аулаларын абаттандыруға белсене қатысып жатқандардың қатарында Абай көшесі №90 үй тұрғындары бар. Тазалық жұмыстарына ертелетіп кіріскен тату көршілер қоқыстарды жинап, өсіп кеткен шөптерді шауып, ілгері іске ілкімділік танытты.
Үй тұрғындары – «Қаз пошта» АҚ Арқалық қалалық филиалының басшысы Айна Тасқожайқызы, қала әкімдігінің бас инспекторы Әлиасхаб Магомедовтер өздері бас болып, аула тазалығын сақтауға білек сыбана кіріскен.
«Көршілеріммен мақтанғым келеді. Үйдің тазалығын сақтап, ауланы, кіреберісті үнемі назарда ұстаймыз. Әр сенбі сайын ұйымдасқан түрде тазалық науқанына шығып келеміз. Барша тұрғындарды қала тазалығын сақтауға шақырамын», – дейді үй тұрғыны Ақмарал Елебаева.
Байтұрсынов көшесі №19 үй тұрғындары да аула тазалығын сақтауға бір кісідей атсалысып, есік алдын сыпырып жинастырумен қатар, үйдің кіреберіс қабырғаларын ақтау, гүлдерді күтіп – баптау сияқты ауланы абаттандыру жұмыстарын жан-жақты қолға алған.
Үй тұрғыны, зейнеткер Рсалды Қанапияқызы үйлерінің подьезін өз күштерімен әктеп алғанын, енді міне, сенбілікке шығып, қала тазалығына үлес қосып жатқандарын айтады.
Қала тазалығына жанашырлық танытып жатқан тұрғындардың қарасы көп. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бағлан Ерікқызы өзі тұратын үйде аула тазалығын ұйымдастырып, ілкімді іске тікелей мұрындық болып жүр. Тазалық жұмыстарының басы-қасынан қарияларды да көруге болады.
«Қаламыз гүлденсе дейміз. Көркейгенін көріп, марқайып отырамыз. Ел-жұртымыз аман болып, Қазақстанымыз өркендеп, дами берсін», – деп ақжарма тілегін жолдайды қала тұрғыны, қарт ана Бақытжамал Әшімова.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы