Биыл мемелекет басшысының ұсынысымен бекітілген Наурыз мерекесінің онкүндігі Арқалық қаласында да әр күн сайын есте қаларлықтай іс-шаралармен айшықталып жатыр.
Міне, соның бірі қала әкімінің апта сайын өткізілетін кезекті дүйсенбілік аппарат жиыны қатысушы мекеме, ұжым басшыларының, қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің түгелдей дерлік ұлттық киімде жиналуымен көрініс тапты.
Еске сала кетсек, ел Президентінің Жолдауында ұлттық киімді мерекеден тыс күндері де киіп жүру жөнінде көтерген бастамасынан кейін қала әкімінің ұсынысымен қала әкімінің аппараты өткен жылдан бері аптаның бір күнін ұлттық киімде өткізуді қалыпты жағдайға айналдырған болатын.
Ұлттық киім ұлықталып, ерекше сипатта өткен аппарат отырысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Жұмабаева бөлімнің 2023 жылы атқарған жұмыстарының есебін берді.
“Өткен жылы мәдениет саласында қала бойынша қаржыландырудың жылдық көлемі 309 млн 83 мың теңгені құрады. Мемлекеттік тілді дамытуға, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, мәдениет ошақтарын жөндеуге, ономастика мәселелеріне көп көңіл бөлініп жатыр. Бір ескеретін жайт, биыл ономастика саласында енгізілген өзгерістерге сәйкес, ауылдарға кісі есімдерін беруге рұқсат берілмейді”, – деп атап өтті Алмагүл Жұмабаева.
Аппарат отырысында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров:
“Наурыз мейрамының онкүндігіне қарияларымыз белсенді үлес қосып жатыр. «Қайырымдылық күнінде» қала әкімінен бастап мекеме басшыларының үлес қосуымен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе 56 аз қамтылған отбасына азық-түлік себеті таратылды”, – деп қайырымдылық шарасына атсалысқандарға алғысын білдірді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы