Арқалық музейі халықаралық конференцияға қатысты

Арқалық музейі халықаралық конференцияға қатысты

Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің басшысы Рауан Терек Түркістанда өткен мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өзбекәлі Жәнібеков құбылысы: тұлға тағылымы және педагогикалық құндылықтар» атты «Жәнібеков оқулары – 3» халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысып келді.

«Ауқымды ғылыми басқосу – көрнекті тұлғаның тарихи, мәдени және рухани мұрасын жан-жақты зерделеу, оның ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы рөлін ғылыми тұрғыдан бағамдауға арналды», – дейді «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің басшысы басшысы Рауан Абдуллажанұлы.

Пленарлық мәжілісте Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев алғы сөз сөйлеп, Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ мәдениеті мен ұлттық сананы жаңғыртудағы еңбегіне тоқталып, мұралары жас ұрпақ үшін үлгі екенін алға тартты.

Жиында т.ғ.д, профессор Жамбыл Артықбаев, белгілі тарихшы-этнолог Ахмет Тоқтабай және аспаптанушы-этнолог Зәбира Жәкішева мазмұнды баяндама жасап, қазақ халқының дәстүрлі этнографиясының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызына тоқталып,  Өзбекәлі Жәнібековтің тарихи-мәдени мұраларды жаңғыртудағы еңбегіне кеңінен тоқталды. Әсіресе, тарихи тұлғаның «Айша бибі» кесенесін қалпына келтірудегі рөлі мен қазақ мұратану ғылымын дамытуға қосқан үлесі ерекше аталып өтті.

Мәжіліске Өзбекәлі Жәнібековтің немересі, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қордың президенті Әзел Бауыржанқызы, немере қарындасы Айғаным Серімова қатысып, естеліктерімен бөлісті. Филология ғылымынң докторы, профессор Құлбек Ергөбек «Өзбекәлі Жәнібеков кім?» тақырыбында баяндама жасап, тұлғаның қоғамдық қызметі мен рухани болмысын жан-жақты ашып көрсетті.

Ал, Арқалық қаласындағы “Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің басшысы Рауан Терек ұлт жанашырының Торғай өңіріндегі еңбек жолына тоқталып, өңірлік мәдениетті дамытудағы еңбегін нақты деректермен баяндады.

Ұлт ұлысын ұлықтауға қатысқан музей басшысы Рауан Абдуллажанұлы конференцияның – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи сананы жаңғыртқан маңызды ғылыми жиынға айналғанын, ой-пікірлер мен ғылыми тұжырымдар Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғалық  болмысын терең зерделеуге, сондай-ақ оның педагогикалық және мәдени мұрасын қазіргі қоғам игілігіне тиімді пайдалануға жол ашады деп пайымдайды.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Ғылыми іс — шараға еліміздің әр өңірі мен көрші Ташкент, Самарқанд қалаларынан ұсынылған барлығы 300-ден астам  мақала жинақ болып жарық көрмек.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген — Береке Сейітжаппар

 

                                                                                                                        Арқалық қаласы