Арқалық мерейтойы: қос көлік иесін тапты

Арқалық мерейтойы: қос көлік иесін тапты

Арқалық қаласының 70 жылдық мерекесіне орай 25 шақырымдық аламан бәйгеге Қостанайқұрылыс компаниясының демеушілігімен тағайындалған автокөлік Алматы облысының еншісіне бұйырды.

Бәйгеде бағы жанған Ақбақай атты сәйгүліктің иесі Ұзынағаш ауылының тұрғыны Мұрат Қозыбаев.

Екінші автокөліктің иесі қазақ күресінен өткен республикалық жарыс жеңімпаздары арасында жеребе тарту арқылы анықталды. Жеребені Тобыл-Торғай тарландары күрес федерациясының аға жаттықтырушысы Мереке Рыздықов тартты.

Нәтижесінде жеңіл көлік 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жеңімпаз болып танылған Арқалықтың балуаны Нұрсұлтан Қабыланға тиесілі болды. Ал, 55 келі салмақта алдына жан салмаған қостанайлық балуан Әлішер Мұхамеджанов 700 мың теңге сыйақы еншіледі. Сондай – ақ, 82 келі салмақта жеңімпаз атанған Абай облысының балуаны Ерзат Арғынов та 700 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Жеңімпаздардың жүлделерін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен қала әкімі Әмірхан Асанов салтанатты түрде табыс етті.

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы