Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру туралы көптен бері айтылып жүр. Тіпті, бұл мәселе Парламент мінберінде де бірнеше рет көтерілді.
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Арқалыққа әлденеше рет келіп, маңызды нысанның жай-күйін көзімен көріп, артынша Үкімет басшыларына депутаттық сауал жолдаған. Халық қалаулысы көтерген мәселе жерде қалған жоқ. Оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ресми жауап қатты.
Үкімет басшысының орынбасары өз жауабында 2200 метрлік ұшу-қону алаңын қалпына келтіру, бір сағатта 70 адамға дейін өткізуге қауқарлы, жалпы аумағы 1300 шаршы метр жолаушылар өткізу терминалын салу, аэродромның арнайы техникалары тұратын өндірістік нысандарын салу туралы айтылған. Әуежайдың жобалық-құндық құжаттарын әзірлеуге облыс бюджетінен 60 млн теңге бөлінбек.
«Кейін әуежайды қалпына келтіруге қажетті қаражаттывң барлық сомасы белгілі болады. Сәтін салса, келесі жылдан бастап құрылыс-монтаж жұмыстары басталады», – деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.
Әлібек ЫБЫРАЙ