«Жас-Ұлан» жасөспірімдер орталығында жылдағыдай балаларға қала әкімінің дәстүрлі шырша кеші ұйымдастырылды.
Жаңа жыл кеші қала және қалаға қарасты ауылдардан келген жас достарға көтеріңкі көңіл күй мен жақсы демалыс сыйлады.

Ертегі кейіпкерлерінің сахналық қойылымдары тамашаланып, мерекелік шыршаға жиналған балаларды қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтады.

«Елімізде балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу орындарынан бастап, сапалы білім беріп, саналы азамат етіп қалыптасып шығуына барлық жағдай жасалған. Қаламызда балалардың бос уақыттарын тиімді өткізіп, шынығып, шымыр болып өсулері үшін спорттық алаңдарды көптеп орнатудамыз. Футбол, волейбол, баскетбол, теннист алаңы , шахмат, үстел теннисі, көше жаттығу алаңы, қыс мезгілінде хоккей алаңы барлығы да балалардың игілігі үшін жасалуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да толассыз жүргізіледі. Біздің мақсатымыз балалардың бақытты шақтары мен жарқын болашақтары үшін қажетті дүниелермен қамтамасыз ету», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.
Балалар мәзірлі дастарханнан дәм татып, шырайлы шырша бағдарламасын тамашалап, Жаңа жылдық сыйлықтарға кенелді.
Нұрай Марат,
Восточный жалпы білім беретін мектебінің 4 сынып оқушысы:

«Восточный ауылы мектебінің атынан әкім шыршасына келдім. Шыршада көп қызыққа кенеліп, қиял – ғажайыпқа толы кештің куәсі болдық.
Барша ел халқын, балаларды Жаңа жылдарымен құттықтаймын.
Жаңа жыл елімізге жақсы жаңалықтарын әкелсін!
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
