Қала әкімі Әмірхан Асанов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров тыл ардагерлерін үйлеріне барып жылы лебіздерін білдірді.

Ерлі – зайыпты Жанарбаевтардың шаңырағында болды. Әбдіжамал ата 96 жасқа келген. Жұбайы Күлназия екеуі өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, дүниеге 9 ұрпақ әкелген. Балаларының 5-і қазір өздерімен бірге зейнеткерлікке шыққан. Құдай берген 28 немере, 48 шөберені сүйіп отыр.

«Әкем Өтеген Бимағанбетов соғысқа аттанғанда 9 жастағы бала едім. Әкемнің соңынан жылап жүгіргенім әлі күнге есімде. Соғыстан аяғынан жарақат алып оралды.
Бала күнімізден еңбекке араластық. Есейгенде озат сауыншы болдым»,-деп өткен күнді еске алады тыл ардагері Күлназия Жанарбаева.
Әбдіжамал ата да еңбекке жас күннен араласқан. Шөп шабуға қатысқан. Мал шаруашылығында еңбек етіп, балаларын өсіріп жеткізген. Амангелді ауданында өткен ақсақалдардың бата беру сайысында жеңімпаз атанған. Жады берік қария батаны әрдайым жаңылмай береді.

Тыл ардагері Анатолий Жармоленко да тоқсанның төріне қадам басқан. Жұбайымен екеуі шаңырақ көтергеннен бері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Балалары ержетіп, өз алдарына үйлі-жайлы болып кеткен.
«Қазақ халқының бауырмалдығына тәнтіміз. Көзімізді ашқанымыздан бірге ғұмыр кешіп, бір отанда бір тілекпен өмір сүріп келеміз. Құдандалы болып та жатырмыз. Жігіттері жайсаң, қыздары сұлу болып келеді»,-дейді ақсақал ағынан ақтарылып.

Қала әкімі Әмірхан Асанов қарттардың қал-жағдайларын сұрап, алда да елдің ортасында бақытты да баянды ғұмыр кеше берулеріне тілектестігін білдірді.
Өздеріне көрсетілген құрметке қариялар балаша қуанып, баталарын беріп, алғыстарын айтты.
МҰРАТ ЖҮНІСҰЛЫ
