26 мая, 2025
Археологиялық институт Денисов ауданымен тығыз байланыс орнатты

Археологиялық институт Денисов ауданымен тығыз байланыс орнатты

Денисов ауданында ауылдық мәдени нысандарға жете көңіл бөлініп келеді. Бірқатар елді мекендегі кітапханалар жаңарып, мәдениет үйлері қалыпқа келтірілуде.

«Перелески мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жуырда сметалық құжаттары дайын болады. Осы мәдениетімізді ертеңгі ұрпаққа көрсету борышымыз. Біздің мамандар  Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтымен тығыз байланыста. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті музей қызметкерлерімен бірігіп, экскурция жұмыстарын кең көлемде ұйымдастыру қолға алынды. Қамысты,  Жітіқара, Денисов төңірегінде қазба жұмыстарын жүргізуге көп көмегі тиді. Осының арқасында музей қорында екі жүзден астам жәдігер сақталып тұр», – деп атап өтті Денисов ауданы әкімінің орынбасары Айгүл Бектемісова кезекті алқа отырысында.

Айтуынша, ол жұмыстарға ашылғанына он жылға таяған «Мирас» үйірмесінің жасөспірімдері белсенді атсалысып отыр.  Жуырда жоғары жақтың қолдауымен «Ортеке» би мәдениеті жаңғырғалы тұр. Тарихты тану – тіл мәдениетін қалыптастыруға жетелейтін бірден-бір қадам екені сөзсіз.

«Осы орайда тіл саятының дұрыс жолға қойылуын ұмытпаған абзал. Облыста мемлекеттік тілді әртүрлі форматта үйренуге мүмкіндік бар. Барлық өңірлерде халыққа қызмет көрсету саласының қызметкерлері үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастарылды. Одан басқа ауызекі тілді еркін форматтағы  «Soiletime», «ҚазРетро» сөйлесу клубы жұмысын жүргізуде.  Қазақстан  халқы Ассамблеясы базасындағы «Мәміле» клубында  этномәдени бірлестіктің өкілдері қазақ тілін оқып келеді. Тілдерді оқыту курстарының нәтижесінде жыл сайын мемлекеттік тілді меңгергендер үлесі артып келеді», – деді осы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында облыста 800-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп, 75 мың адамды қамтыды. Жітіқара, Лисаков, Рудный және Қостанай қалаларында ауқымды тіл турады форумдар мен конференциялар ұйымдастырылды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суретке түсірген Балауса Жүніс