23 мая, 2025
Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов Халықаралық әйелдер күніне орай сексеннің сеңгіріне аяқ басқан, үйде көмек алатын аналарды үйлеріне барып құттықтады.

Нина Қасымханқызы Алматыдан жолдамамен келген. Ұзақ жылдар халық ағарту саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Мемлекеттік наградалары бар.

Өзінің айтуынша өмірдің қиындығын көп көрген. Анасы ес білмей тұрып дүние салған. Әкесі институтқа түскен жылы бақилық болыпты.

«Ет жақын ешкімім жоқ. Бірақ, құдайға шүкір үкіметтің қамқорлығындамын. Ештеңеге мұқтаждығым жоқ», – дейді ардагер ұстаз.

Валентина Николаевна да қаланың қарт тұрғындарының бірі.

Биыл 80 жасқа толады. Сырт елде тұратын балаларына барып тұратын көрінеді.

«Арқалықтың аэропорты ашылса, немерелеріме ұшақпен ұшып баратын боламын», – деп қуанып отыр.

Кітапты көп оқиды.

«Техника қанша дамыса да оқуды алмастыра алмайды», – дейді қария.

Сондай – ақ, қос ардагер де үйлерінің қыста жылы болғанын, әлеуметтік көмекшілерінің барлық жағдайларын жасап отырғанын ризашылықпен айтып, ел басқарып отырған азаматтарға шынайы алғыстарын айтты.

 

Қарттарды төл мерекелерімен арнайы құттықтай барған қала әкімі Әмірхан Біркенұлымен бірге орынбасары Мешітбай Қайыржанұлы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Нұрланқызы еріп жүрді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы