8 наурыз мерекесіне арналған онлайн байқау қорытындыланды

8 наурыз мерекесіне арналған онлайн байқау қорытындыланды

Бүгін «Қостанай таңы» газеті жариялаған «Менің мақтанышым» байқауы мәреге жетті. Он беске жуық үміткердің арасынан Қостанайдағы №9 балабақшасының тәрбиешісі Индира Досаева жеңімпаз атанды.

Индира Досаева  үш жылдан бері ол жердегі қазақ тобының мектепке дейінгі сапалы тәрбие, білім алуына қомақты үлесін қосып келе жатыр. Өзінің байқауға жариялаған эссесінде тобындағы сол бүлдіршіндерді арқау еткен еді.

«Мен Қостанай қаласындағы №9 балабақшаның тәрбиешісімін. Бүгін осы байқау аясында тәрбеленушілерімді көпшілікке шын ықыласпен таныстырғалы отырмын. Менің тобымда 15 қыз бар. Әрқайсысы гүлдей құлпырған сұлу, келешегінен зор үміт күттіретін өнерпаз, алғыр, зерек», – деп жазған еді Индира Досаева.

Автор өз туындысын осылай әсерлі бастап, тобындағы әр қыз балаға жеке психологиялық мінездеме беруімен ерекшеленеді.

«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы қазылар байқау жеңімпазының осы қырларына жете бағалағанын тілге тиек етті.

«Сізден тәрбие алып жатқан әр балаға жақсы пікір қалыптастырып, тамаша туынды жолдаған екенсіз. Өзіңіздей мамандардың қоғамда көп болғанына қуанамыз. Алда келе жатқан мерекеңізбен құттықтай отырып, болашақта шығармашылық табыс тілеймін», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.

«Адам жанының бір бөлшегі, қуанышы мен жұбанышы – бала. Өміріңнің маңызды, мәнді сәттерін көбірек еске салатын кездер тұлымшағы желбіреп жүрген құлыншағыңның үлкен өмір бәйгесіне қатысуы кім-кімді де толғандырмай қоймайтыны рас…».

Осы жолдардың авторы, Л. Толстой атындағы облыстық кітапханасының қызметкері Анаргүл Шалғынбайқызы бұл байқауда екінші орынға қол жеткізді.  Байқау жүлдегері өзінің эссесінде жастайынан қазақ халқының көне аспабы жетігенді меңгерген қайын сіңлісі –Айша Жанболатқызының өнердегі жолын қағаз бетіне шебер түсіреді.

«Босаға аттап, келін болғалы көз алдымда өскен қаршадай өнерлі қыздың әр жетістігі көз алдымда. Ата-әжесінің мауқын басқан алғашқы немересі, ата-анасының тұла бойы тұнғышы Айшаның орны ерекше біздер үшін. Туабітті өнерге бір табан жақын өскен жас баланың талабына таңдай қағып, әулетіміздің мақтанышы санаймыз, марқаямыз. Көңілге қуаныш ұялататыны – артынан ерген бауырлары тек Айшаға еліктеп, сахнаға шығып, оның бар қабілетін айнытпай қайталайтыны», – деп қаршадай қыздың айналасына үлгі болып үлгіргенін дөп басты.

Өмірінің басты бөлігін еңбекке арнаған мәдениет саласының ардагері Жұлдызайым Олжағұлованың есімі Тобыл-Торғай өңіріне жақсы таныс. Мәдениет саласында 40 жыл үздіксіз қызмет атқарған Аманкелді ауданы Үрпек ауылының тумасы «Қостанай таңы» жариялаған «Менің мақтанышым» эссе байқауының кейіпкеріне айналды. Авторы Ерасыл Талғатов байқауда үшінші орын алды.

«…Атаммен де осы еңбек жолында танысып, отбасы құрған екен. Атам Рауиль де өнерден құр алақан емес еді, баян тартып бізге өлең айтып беретін. Сол мәдениет үйінің шопыры болып жүріп, спектакльдерде көптеген рөлді сомдапты. Екеуі бірге үш бала тәрбиелеп, немерелер, шөберелер сүйді. Менің нағашы әжемнің өмірі, істеген қызметі бізге кейінгі ұрпаққа үлгі деп білемін», – деп тебіренеді Ерасыл Талғатов.

Таңжарық Ниязбек байқаудың ең жас қатысушыларының бірі ретінде тіркелді. Шоқан Уәлиханов жалпы білім беретін мектебі тоғызыншы сынып оқушысы:

«Әжемнің айтқан әрбір кеңесін санама сіңіріп келемін. Менің әрбір жетістігіме қуанып отыратын әжемнің барына шүкір. Менің мәңгілік мақтанышым – ардақты әжем. Облыстық «Қостанай таңы» газеті ұйымдастырып отырған «Менің мақтанышым» атты облыстық эссе байқауына үміткер ретінде қатысып отырмын. Осы сәтті пайдаланып, алда келе жатқан халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында барлық әжелер мен аналарды шын жүректен құттықтаймын. Әлемнің сегізінші кереметі болып саналатын асыл жандар аман болсын», – деп ақ жаулықты аналарды алдағы мерекемен де құттықтап өтті.

Әжесі жайында жазған оның бұл туындысы жүлдегерлер қатарынан табыла білді.

Жеңімпаз болған қатысушыларды құттықтаймыз!

                                             

 

Жаңалықтармен бөлісу