Қостанайда қалалық “Мирас” мәдениет үйі екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлерге арнап көшпелі концерт ұйымдастырды. Ардагерлерді құттықтау бүгін, 5 мамыр күні басталды.
Қостанай қаласында 26 соғыс ардагері тұрады. Олардың алды жүзге жақындаған. Қарт майдангерлерге құрмет көрсетіп, оларды ардақтау әрбір саналы ұрпаққа парыз.
Мәдениет үйінің қызметкерлері ардагелердің ауласында концерт қойып, мерекелік көңіл-күй сыйлап жүр. Қостанай қаласында ең қарт ардагер қатарына жататын педагог, журналист, ақын, Мәдениет саласының үздігі Қасымхан Алдабергеновтің ауласында концерттік бағдарлама өтті. Мерекеге орай Қасымхан атаны құттықтау үшін облыстық “Қостанай таңы” газетінің ұжымы да барған еді.
– Қасымхан атамыз біздің қара шаңырақта бірнеше жыл қызмет істеген. Ол 1936-1946 жылдардағы басылым беттерін ақтарып, газетіміздің бір дәуірін зерделеп берген еді. Сол еңбегін әлі айтып жүреміз. Газетіміздің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ол жинақ болып басылып шықты. Жыл сайын, мерекеге орай, атамыздың әңгімесін тыңдап, батасын алып қайтамыз. Бұл да бір бақыт. Майдангерлеріміз аман жүрсін, – дейді “Қостанай таңы” газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин.
— Жас ұрпақтың осылай елеп-ескеріп жатқаны қуантады. Себебі біз ел ертеңі мен өскелең ұрпақтың болашағы үшін қан майданда жан беріп, жан алыстық. Біздің төккен теріміз еш кетпегені маған қуаныш сыйлайды, — дейді жүзге жақындаған Қасымхан ата.
Сондай-ақ, Қасымхан Алдабергеновті құттықтау үшін көршілері жыл сайын арнайы әзірленетін көрінеді. Осы жылы да 9 мамыр күні майдангердің үйіне барып, сый-сияпат жасамақшы.
— Біз, көршілері Жеңіс күнінде атайды құттықтағалы отырмыз. Егер бұл кісі кезінде біз үшін соғыспағанда, осындай мамыражай ғұмырды кеше алар ма едік, кім білсін?! — дейді “Сейфуллин 2 А” МИБ төрағасы Қымбат Тұрғынқызы.
Ардагерлерді құттықтау 6 мамыр күні де жалғасын табады.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Суреттерді түсірген автор.