Ардагерлер азайып бара жатыр…

9 мамыр – Қазақстан халқы Ұлы Жеңіс күнін атап өтеді. Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыс жылдарында неше мыңдаған есіл ерлеріміз қаза тауып, мүгедек болып оралып, еңбекке араласты. Соғысқа бармағандардың «Бәрі де майдан үшін» деп тылда еңбек етті. Соғыс салған жара әлі де жазылған жоқ. Жеңіске жету жолында ерлікпен қаза тауып, хат-хабарсыз кеткендердерді әлі күнге дейін ұрпақтары іздеп табуда.
Амангелді ауданында қазіргі таңда соғыс ардагерлері жоқ. Тыл ардагерлері де азайып жатыр. Алайда олар бүгінде арамызда жоқ. Есесіне олардың ұрпақтары соғысқа қатысқан аталарының ерліктерін айтып, мақтан тұтады.
Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанымен көңілден кетіп, жүректен қөшпек емес. Өйткені ол соғыс қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірлерін өксітіп кетті. Сол майданның шебінде жүріп, cоғысты басынан өткергендер де, олардың тілеуін тілеп, бар ауыртпалықты иығымен көтерген тыл ардагері де, соғыстың зардабынан ата-анасынан айрылып тауқымет тартып өскендер де бүгін арамызда жүр. Соғыс ардагерлерінің еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жасаған теңдесіз ерліктері ғасырлар бойы мәңгі жасай береді. Соғыс ардагерлері арамызда жоқ болғанымен, олардың жасаған ерлігі бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі қалмақ. Жеңіс мерекесі қарсаңында соғысқа алғашқылардың бірі болып аттанып, ерлікпен қаза тапқан менің атам – Мұса Нұрқановтың туған ағасы Қашырбек ата туралы айтпақпын.
Атамыз Нұрқанов Қашырбек 1924 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы Киров атындағы колхоздың №10 ауылында дүниеге келген. Отбасының үлкен баласы. 1940-1941 жылғы оқу жылдарында Қостанай қаласы Жамбыл орта мектебінің 8 класын жақсы оқуымен, үлгілі тәртібімен аяқтап, 9-сыныпқа көшірілген. Бұл туралы Қазақ ССР Білім халық комиссариатының 1941 жылғы 9 маусымдағы №110 құжатта класстан класқа көшу туралы куәлігі сақталған. Қашырбек ата өте зерек, орысша -қазақша жетік меңгерген, білімді бала болған. 1942 жылдың 5 мамырында Қостанай облысы Торғай аудандық әскери комиссариатынан Совет Армиясына шақырған. ВЛКСМ мүшесі болған. Совет Армиясы қатарында жүргенде сержант, бөлімше командирі болған. 1942 жылдың 18 қыркүйегінен кейін хат-хабарсыз кеткен. Соңғы жіберген хабары Ильинская станциясы 44-ші запастағы атқыштар бригадасы. Осыдан кейін анасы Отарбаева Жұмакүл, кейін ағасы Исмайлов Аяхмет іздеу салған. Соңғы адресі Челябинск қаласы 62822 дала поштасы. Қашырбек атадан хабар-ошар болмаған соң, анасы мен бауырлары өмірден өткенше күтумен болды. Алайда Қостанай облысы, Торғай аудандық әскери комиссариатында 1945 жылдың 9 шілдесіндегі шығыс № 0839 құжатпен жылжымалы төртінші 4387 дала госпиталінің №83260 әскери бөлімнің лейтенанты «Нұрқанов Қашырбек Социалистік Отанды қорғау жолында ерлік көрсетіп, жараланған. Сол жарадан 1944 жылдың 24 қазанында қайтыс болып, Польша жеріндегі Красно қаласындағы Госпитальная көшесіндегі азаматтық қорымда лейтенант шенімен жерленген» деп жазылған туралы мәлімет болған. Атамыздың қайтыс болғаны туралы отбасына хабарланбай қалған.
Белгілі жазушы Төлебай Ыдырысовтың «Жалынды жылдар» атты кітабында Нұрқанов Қашырбектің соғыста із-түссіз жоғалып кеткені жазылған. Отбасына 1952 жылдың сәуір айында №17 анықтама бойынша шешесі Отарбаева Жұмакүлдің атына әлеуметтік көмек тағайындалған. Қашырбек атамыздың артында әкесі Отарбаев Нұрқан, шешесі Отарбаева Жұмакүл, қарындастары Нұрқанқызы Күнжамал, Нұрқанқызы Нашаруан, інілері Нұрқанұлы Қашқынбай, Нұрқанұлы Мұса, Нұрқанұлы Қарабала, Төлебаев Мұратбек атты бауырлары қалған. Мұратбек Нұрқан әкеміздің бірге туған інісі Отарбаев Төлебайдан туған. Бұл кісі де Фин соғысына қатысқан екен. Соғыстан кейін мұғалім болыпты. Сейдин Зәкір атамыз айтатын маған сабақ берген Төкең деп. Соғыстың жарасы бар, одан кейін соқырішек болып Қостанайда қайтыпты. Қостанайдағы Нариман базарының маңындағы зиратта жерленген. Польшаға барамыз деп жиналып жүргенде пандемия басталып кетті ғой. Мұратбек көкем 2021 жылы қайтыс болды.Негізінен бір атадан қалған жалғыз тұяқ. Орыс мектебінде оқыған. Көп жыл Амангелді ауданында келіншегі Күлдірай екеуі сауда (райпотребсоюзда) саласында қызмет істеді. Кейін Астанаға көшіп келген. Балалары, немерелері бәрі Астана қаласында. Қазіргі таңда бес бауыры да дүниеден өткен. Олардың артында қалған ұрпақтары өсіп-өніп, әр қалада бақытты ғұмыр кешуде.
Осы аты аталған кісілердің барлығы да Амангелді ауданында қызмет жасап, аудан экономикасына үлестерін қосты. Отбастарын құрып, өмірге саналы ұрпақ әкелген, бәйтеректей тамырын жайған, өнегелі де үлгілі үлкен әулетке айналды. Олардан туған балалар да әке тәрбиесін бойына сіңіріп, Отан алдындағы борыштарын адал атқарып, білімді, саналы азамат болып қалыптасқан. Қашқынбай атамыздың баласы Скендірбек ағамыз Ауған соғысының ардагері. «Орнында бар оңалар» деген Нұрқанов Қашырбек атамыз «Боздақтар» атты кітапта соғыста қаза тауып, оралмағандардың тізіміне кірген. 1944 жылдың 24 қазанында қайтыс болған, Польша жеріндегі Красно қаласындағы Госпитальная көшесіндегі қорымға ұрпақтары баруды жоспарлаған болатын. Алайда әртүрлі жағдайларға байланысты сәті түспеді.
2023 жылдың қаңтар айында Қашқымбай атаның қызы Гүлжан тәтенің Польшада оқып жүрген Абылайхан атты баласы Қашырбек атасының жерленген жерін нөмір бойынша іздеп барып, белгі қойып қайтты. Жерленген зиратты видео арқылы көрсетті. Бәрінің де қуанышында шек болмады. Қазір денесі Дукля қаласындағы Бауырластар зиратына ауыстырылған. Қашырбек атамыздың әруағы бір аунап түскен шығар. Алла қалап, тағы да бас амандығын берсе басына барып, топырақ салуға нәсіп етсін.
Өрімдей жас қалпында соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тапқан Қашырбек Нұрқанұлы атамыздың есімі ұрпақтарының есінде мәңгі сақталатын болады.

Ақерке МҰСА,
ҚӨУ 1-курс студенті

Жаңалықтармен бөлісу