Жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясының мүшелері Ұлы Отан соғысының ардагері мен тыл еңбеккеріне құрмет көрсетіп, тағзым етті.
Бұл игі іс-шараға партия төрағасы Алмат Досмұхамедов, қалалық мәслихат төрағасы Омарғали Байғабылов, қалалық мәслихат депутаттары Ерлан Төлетаев, Гүлфия Дандыбаева, Гүлвира Құдайқұлова және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Іс-шара аясында партия мүшелері Ұлы Отан соғысының ардагері Андрей Шаров пен тыл еңбеккері Галина Малиновскаяның үйлеріне арнайы барып, жылы лебіздерін білдіріп, шын жүректен құттықтады.
«Ардагерлеріміздің ерлігі – елге деген шексіз сүйіспеншіліктің, қайсар рухтың айғағы. Біз олардың алдында мәңгі қарыздармыз. Мұндай кездесулер – жастарға өнеге, тарихқа тағзым», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы ҚОФ төрағасы Алмат Досмұхамедов.
Андрей Шаров майдан даласындағы сұрапыл күндерді есіне алып, от пен оқтың арасындағы жауынгерлердің ерлікке толы сәттері жайлы әңгімеледі. Ардагер өзіне қымбат жауынгерлік медальдарын, соның ішінде II дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалін көрсетіп, олардың әрбірінің артында тұтас бір өмір, ерлік пен жанқиярлық жатқанын тебірене жеткізді. Ардагердің сөзі жастарға үлгі боларлық өнегелі сабақ болды.
Ардагерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан арнайы алғыс хат пен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табысталды. Сонымен қатар, тәттілер мен азық-түліктен тұратын сый-сияпаттар ұсынылды.
Тыл еңбеккері Галина Малиновская да сол жылдардың ауыртпалығын көз жасын тыя отырып еске алды. Ол майдандағы жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек дайындап, күн-түн демей ауыр жұмыс жасаған жылдарын сағынышпен айтып берді. Бұл естеліктер жастарды терең ойға бөлеп, бейбіт өмірдің бағасын түсінуге сеп болды.
Бұл кездесу тек құрмет көрсету ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының, рухани байланыстың жарқын үлгісі болды. Ардагерлердің маңдай терімен келген Жеңіс – бүгінгі бейбіт өміріміздің берік негізі екені тағы да айқын аңғарылды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Алексей ТААХ
ҚӨУ студенті