Ардагер спортшыны еске алды

Ардагер спортшыны еске алды

Хұсайын Сәбитұлының есімін Торғай өңірінде көзі қарақты тоғызқұмалақ, шахмат ойындарының айналасында жүрген ағайын әлі күнге аузынан тастамайды.

Бір қызығы, ол кісі бұл саланың кәсіби маманы болмаған. Жұртқа химия пәнінің мұғалімі ретінде танылған. Табиғи бойға біткен талантының арқасында елдің екі дүркін назарын аударта білген ұлттық ойынның хас шебері де атанды.

Ы.Алтынсарин атындағы 10 жылдық мектепті аяқтағаннан кейін, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия-бактериология факутетін бітіріп, мектепте сабақ берген. Оқу ісінің меңгерушілгінен директор лауазымына дейін көтеріледі. Кейін аудандық кәсіптік-техникалық училищесінде химия пәнінің мұғалімі болды. Бүгінде Хұсайын Сәбитұлының оқушылары еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп келеді. Алды тіпті ата-әже атанды. Сол шәкірттерін кезінде тоғызқұмалақ, шахматтың қыр-сырына жақсы баулыды да.

“Кеңес кезінде тоғызқұмалақты ойнаттырмайтын. Бойға сіңген ұлттық намыс жіберсін бе?.. Жасырын турнирлерге қатысып жүріп, екі дүркін еліміздің күміс жүлдегері болды. Шахматтан біраз турнирлердің чемпионы атанған”, – деп еске алады күйеу баласы Бауыржан Оспанов.

Ел егемендігін алғаннан кейін де Торғай өңірінде талай жарыстарға барып, чемпион атанған кісі. Жарыс болса, бәрі сол кісіні жеңуге тырысатын.

“Алматыға оқуға түскенде жатақханада еврей жігіті болды. Содан шахмат ойнау әдістерін көп үйрендім”, – деп еске алатын көрінеді кейіпкеріміз.

Оның бұл ойынды меңгергені сонша, шахматты артына бұрылып, теріс қарап отырып ойнайды екен. Бұған жүрістерін айтқыза отырып, жора-жолдастарының логикасын жаттықтырған.

Ал тоғызқұмалақты елде жүріп үйренді.

Бірде Әбдібек Айтмағамбетов, Еркін Әлмағамбетов, Юрий Сметановский бар барлығы Шымкент жағында жарыста болып, тақталарында қарсыластарының бәрін жеңеді. Осылайша, кішкентай ауылдан барып, елдің атағын шығарады.

Сол 1973 жылы Шымкент қаласы Қазақ ССР-ның тоғызқұмалақтан ХІІ Чемпионатында ІІ орынға ие болған.

1980 жылы Арқалық қаласы ДСО «Қайрат» Облкеңесі біріншілігінде тоғызқұмалақтан жеңімпаз атанды.

1983 жылы Арқалық қаласы VІІІ жазғы спартакиадасында тоғызқұмалақтан облыс біріншілігінде І орынға ие болған.

1993 жылы Алматы қаласында өткен тоғызқұмалақтан Қазақстан біріншілігінде ІІ орынды жеңіп алған. Сол жылы Орта Азия және Қазақстан Республикасының V-фестивалінде ұлттық ойын тоғықұмалақтан үздік ойын көрсекені үшін грамоталармен, дипломдармен марапатталған.

Жуырда Рудный қаласында Хұсайын Сәбитұлын еске алуға арналған тоғызқұмалақтан облыстық турнир ұйымдастырылды. Аталған жарысқа Жанкелдин ауданынан барған Қайрат Айтмағамбетовтің шәкірттері кезінде алақандай Торғайдан шыққан өрендердің ерлігін екінші рет қайталады.

Қостанай қаласының спортшыларына жол беріп, командалық есепте Торғайдың қыздар командасы екінші орын алды. Жанайым Бақыт пен Айлана Айтмаганбетова І орынды иеленсе, Наргиз Бақыт пен Жайна Алпысқызы ІІ орын алды.

Бұл турнирдің ерекшелігі балалар жекелей сында ғана өнер көрсетті. Дәулетхан Қосылбек пен Олжас Жарқын жарыс жеңімпазы болды. Бейімбет Майлиннің қыздар командасы үшінші орынға қол жеткізді. Бұдан бөлек жарыста Айдын Жакиев, Нұрислам Серікбай, Ерхан Бекет, Милана Амантай, Фарида Қастайдың мерейлері үстем болды.

Айбек ЖҮЗБАЙ

 

Жаңалықтармен бөлісу