Ақпан айында Қостанай қаласынан Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасына дейінгі М-36 жолы ақылы негізде пайдалануға берілген еді. Жол ақысын жинауға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы жауап береді.
Федоров ауылының тұсында бақылау аркасы болмағандықтан жол ақысының толық көлемде ұсталуына байланысты шағым түскен.
“Қолданыстағы ережелерге сәйкес, бақылау аркаларын айналып өткен жағдайда толық төлем жол аймағына сәйкес алынады. Бұл кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік тудырып отыр. Себебі олар шын мәнінде толық ақылы жолды жүріп өтпеген еді”, – дейді департамент өкілі Әсемгүл Балжақаева.
Бұл мәселе Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» алаңында да көтерілді.
“Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Атамекен» НҚП-мен бірлесіп, жағдайды бақылауға алып, тиісті жұмыс жүргізді. Осылайша, уәкілетті органдарға хат жолданып, нәтижесінде ақшалай қаражат қайта есептелді. Пайдаланушыларға төлемдер бойынша айырмашылық қайтарылып, төлем мен есептеу туралы қосымша түсініктеме берілді”, – дейді ресми өкіл.
Бұл жағдай мемлекеттік органдардың жұмысының айқын мысалы іспеттес. Азаматтар мен кәсіпкерлердің өтініштеріне жедел әрекет ету арқылы әділдік пен құқықтарды сақтау маңызды.