Ақсақал құтқарушыларға алғыс айтты

Ақсақал құтқарушыларға алғыс айтты

Айтып келмейтін апаттың құрсауынан құтқарылғандардың бірі – Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылының «Шотаяқ» қыстағында қоныстанған Капбасовтар шаруа қожалығы болатын.

Сын сағатта қауіптен құтқарып, тікұшақ арқылы эвакуацияланған отбасының ел қамын ойлаған азаматтарға айтар алғыстары зор.

«Мұндай жағдайды менің осы жасыма келгенше бірінші көруім. Жылда су тасып жүрді, қауіптенетінбіз, бірақ дәл бұлай болған жоқ. Өрт пен суды «тілсіз жау» деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой. Тұтқиылдан келген су тасқынынан бас сауғалауға тура келді. Бала-шағамызбен үйіміздің жанындағы бөгетке қарай ұмтылдық. Адам аман болса келген шығынның бәрі орнына келеді. Мал-мүлік бәрі қалды. Обал, әрине, алайда табиғаттың тосын құбылысына қарсы тұра алмайсың. Осы ретте, халықтың қамын ойлап, қиын шақта бар мүмкіндікті жасап, уақытпен санаспай шұғыл іс-қимылдар жасаған азаматтарға алғыс айтуымыз адамгершілік парызымыз деп санаймын. Төтенше жағдайда Арқалыққа жедел келіп, құтқару жұмыстарына барлық күшті жұмылдырған облыс әкімі Құмар Іргебайұлына, күн-түн демей жағдайды бақылауда ұстаған қаламыздың әкімі Әмірхан Біркенұлына, өмірлерін қатерге тігіп аққан сеңнің арасынан бізді құтқарып қалған қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары Ержан Жармағанбетов, Нұрлан Шаймерденов, Жасұлан Байділдин, Аян Әділхан есімді азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Ел-жұр аман болсын. Енді қайтіп бұндай қиыншықлықтар болмасын», – дейді апаттан аман қалған Мұхтар Капбасов ақсақал.

Ол сондай-ақ, төтеншеліктерге жол көрсетіп, періштесіндей болып қатерден қаққан інісі Раисбек пен баласы Алиханға ризашылығын білдіреді. Апатқа байланысты арнайы қор құрып жерлестерінің жағдайын жасап жатқан Екідің ауылының тумаларына да дән риза.
Апаттың алғашқы күні қариямен бірге «Сауғабай», «Жұман 1», «Жұман 2, «Шотаяқ» қыстақтарынан 21 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілген.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу