Қостанайдағы он жылға жуық тарихы бар “Ақ қауырсын” әдеби клубының жас қаламгерлерді бір арнаға тоғыстыруда атқарып келе жатқан еңбегі орасан зор. Күні кеше аталмыш клуб ғашықтар күніне орай “Жанымнан менің жырақтамашы” атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.Кеш Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті. Оған мекеме ұжымы, оқырмандар және келуші қонақтар қатысып, көзайым болды. Жас қаламгерлер өлең оқып, викториналық сұрақтар қойылып, танымдық ойындар ойнатылды. “Аққауырсындықтар” көрермендер назарына “Тақиялы періште” фильмінен арнайы сахналық қойылым ұсынды.
Кешке ел ықыласына бөленіп жүрген Асқар Төрениязов келіп, ән шырқады. Әдеби клубтың жетекшісі Ботакөз Әділбекқызының айтуынша, “Ақ қауырсын” әдеби клубы айтулы күнге ерекше ықыласпен дайындалған.
— Клуб жұмысы біраз жылдан бері тұралап қалған еді, енді қызметі қайта жандана бастады. Жаңа жастармен толықты. Басында осы іс-шараны қалай өткіземіз деген ой болды. Демеушіні, сыйлықтарға қаражатты қайдан табамыз деп толғандық. Алайда, көпшіліктің пікірне қарағанда, жақсы өткен секілді. Осы ретте әдеби клуб мүшелерін қанаттандырып, қолдау білдірген демеушілерге алғысым шексіз. Олар – «Мистер Апельсин» жеміс-жидектер дүкені, «Dizdeco» жиһаздар дүкені. Жастарға фотосессияға сертификат және кинотеатрға екі билет алып берген «Нұр-Сақшы» ЖШС-нің директоры Ғалия Нұрмұхановаға, аруларымызға қас пінішдеуге сертификат берген Зарина Кирееваға, “Qazaqbrend” ұлттық тағамдар дүкеніне, “Агромашхолдинг” АҚ президенті Мейрамбек Маратбекұлына рахмет айтамыз, — дейді Б.Әділбекқызы.
Жастарды қолдау мақсатында құрылған топтың алар асуы, көрінер биігі әлі алда екені сөзсіз. Аталған клуб жыл басынан бері бірқатар іс-шарада белсенділігімен ел назарына ілікті. Алдағы уақытқа құрып отырған жоспарлары да көп.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Қостанай қаласы