Арқалық қаласының аумағында бір азамат ақбөкен етін заңсыз сатып келген. Одан ақбөкеннің 5 ұшасы тәркіленіп, осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Облыстық прокуратураның мәліметінше, мемлекетке келтірілген залал 21 млн теңгеден асып отыр.
Сот оны экологиялық қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Автокөлігі тәркіленді.Үкім заңды күшіне енді.
“Ақбөкендердің популяциясын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасында оларды тіршілік ету ортасынан, олардың бөліктері мен дериваттарынан (мүйіз, қан және т.б.) алуға (табуға, аулауға, атуға, жинауға, күресуге) тыйым салынады”, – делінген ресми мәлімдемеде.
Облыстық прокуратура өкілдері тұрғындарға табиғатқа ұқыпты қарауға шақырып, табиғат қорғау заңнамасын бұзу қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін ескертеді.