Ақ халатты абзал жандар Арқалыққа ағылды: алты жас дәрігер туған жеріне оралды

Ақ халатты абзал жандар Арқалыққа ағылды: алты жас дәрігер туған жеріне оралды

Арқалықтың денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы – көптен бері күн тәртібінде тұрған мәселе.

Әсіресе офтальмолог, невропатолог, онколог, УЗИ маманы, рентгенолог секілді бейінді дәрігерлерге сұраныс жоғары.

Дегенмен соңғы уақытта бұл бағытта көңіл қуантатын жаңалық бар. Арқалық өңірлік ауруханасының бос жұмыс орындары туралы хабарландыруына сәйкес, бірден алты дәрігер жұмысқа орналасты.

blank

Бұл – шаһардағы медициналық қызмет сапасын арттыруға жасалған маңызды қадам.

blank blank

Жаңа мамандардың келуімен емханадағы учаскелердің әрқайсысы дәрігермен толықты. Бұл әсіресе күзгі кезеңде маңызды. Себебі күн суытып, балалар арасында тұмау, суық тию секілді маусымдық аурулар көбейетіні белгілі.

blank

«Қазір әр учаскеде бір-бір дәрігерден бар. Алда күз мезгілінің келуіне байланысты, әсіресе балалар арасында салқын тиіп ауыратындар қатары арта түсетіні белгілі. Таңғы сағат 08:30-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейтін сүзгі кабинетіміз бар. Барлық жедел аурулар сол жерде қабылданады», – дейді Арқалық өңірлік емханасының №2 жалпы тәжірибелік бөлімінің меңгерушісі Ләззат Оспанова.

Жас мамандардың қатарын толықтырғандардың бірі – Мәдина Қайсарқызы. Ол 2019 жылы Арқалық қаласындағы Родина жалпы білім беретін мектебін тәмамдап, Қарағанды медицина университетіне оқуға түскен. Жоғары білім алған соң жас маман үлкен қаланы жағалап кетпей, бірден туған жеріне оралып, Арқалықта еңбек жолын бастады.

blank

Бүгінде ол теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, білікті дәрігерлерден үйреніп жүр.

«Алған білімім мен тәжірибемді ұштастырып жатырмын. Мұнда жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің ақыл-кеңесін алып, білімім мен біліктілігімді арттыра түсудемін», – дейді жас маман.

Ал Еркебұлан Арманбекұлы – Амангелді ауданына қарасты Қабырға ауылының тумасы. Амангелді жалпы білім беретін мектебін аяқтап, Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алған.

blank

Екі жыл әскери борышын өтеп, әскери дәрігер қызметін атқарған жас маман енді өз кәсібін Арқалық өңірлік емханасында жалғастырмақ.

Бір қарағанда алты маманның жұмысқа орналасуы қарапайым жаңалық секілді көрінуі мүмкін. Алайда шалғайдағы шағын қала үшін бұл – әр тұрғынның сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыратын маңызды өзгеріс.

Өз ісін меңгерген жас мамандардың туған жерге оралуы – Арқалықтың ғана емес, тұтас өңірдің денсаулық сақтау саласына серпін беретін жақсы үрдіс. Ақ халатты алты маман – алты жаңа үміт, алты отбасының денсаулығына демеу болар білікті көмек.

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы

Суреттерді түсірген автор