Менің анам Жанар Серғалиқызы – ұлағатты ұстаз, тәлімді тәлімгер, ардақты ана, талантты жан, өнер иесі. Домбыра, гитара аспаптарында ойнайды. Сахнада эстрадалық ән айтады. Дауысы керемет! Ел көңілінен шығып, жүлделі орындардың иегері атанып жүр.
Сахналық көріністе рөлдерді сомдағанда тіпті анамның өнеріне тамсанамыз. Біз үш ағайындымыз. Үлкені мен, атым- Аяулым, інім-Уәли, сіңілім-Жансұлу. Біз анам жұмыс істейтін мектепке, қала мектебінен ауысып келгенде қызық жағдай болды. Анам маған мұғалім болып сабаққа кіргенде, менде ерекше бір сезім пайда болды. Қуандым, қобалжыдым, тіпті не істерімді білмей тұрып қалдым. Анамды басқа қырынан көргендей болдым. Ұстаз-ана! Ол жерде мен анамды жалғыз менің ғана емес, барлық балалардың, сыныптастарымның анасы сияқты сезіндім. Қызғаныш сезімім оянды. Үзілісте кішкентай сіңілім «мамалап» жүгірді. Сонда анам бізге былай деп түсіндірді: «Балаларым, мен сендерге үйде аналарыңмын, мектепте ұстаздарыңмын, сондықтан мұғалім деп атаңдар», – деді. Анам қатаң тәртіпті, қажырлы еңбекті, жауапкершілікті талап етеді. Анам тіл маманы болғандықтан ба, жүйелі, сөз мәнерін сақтап, әсерлі сөйлейді. Мен анаммен мақтанамын, үлгі тұтамын. Мен туғанда анам көп қиыншылық көріпті. Мен аурушаң болсам керек, тамаққа да зауқым жоқ, жылауық бала болған екенмін. Анамның мазасы кетіп, қаратпаған жері қалмапты. 3 жасқа дейін жүрмеген мені көтеріп, құрсағында інім бар, бармаған жері жоқ, баспаған тауы жоқ, қажырлы жан анашым мені емдетіп, еңбегі жанған екен. Менің тұсауымды 3 жасымда кестіріп, ұлан-асыр той жасапты. Анам мен әкем еңбекқор жандар. Бар табысын балаларының тамағына, киіміне, керек заттарына жұмсайды. Біз үлгілі отбасымыз. Анам жұмыстан келгенше бөпемді бағып, үй жинап қоямын. «Қолғанатым менің» деп, анам менің маңдайымнан иіскегенде, мен бақытты бала екенімді сезінемін. «Бойжеткенде еліңнің елеулі, халқыңның қалаулы қызы бол» дейді анам. Анамның ақ тілегін өтеу перзенттік парызым деп білемін. Аналарымыз аман болсын! Барша балаларға бақытты заман болсын! Бейбіт өмірде берекелі өмір сүрейік!
Аяулым ТаңатқанқызыШамбыл,
5 «А» сынып оқушысы