Ана – жалғыз ғана

Ана – жалғыз ғана

Ауылынан жырақтығы, жақындарынан алыста, жанындағы адамдар жат көрініп, адаптацияның аяғына жете алмай жүрген студенттің жазары көп көрінгенімен, Телеграм-арнама ” быламық” жазып тұратыным болмаса, парақ пен қаламға ойым мен сезімімді айтпағалы көп болыпты. Алғашқы студенттік жылымда ең бірінші және ең маңызды түсінгенім, анаңдай жақын адам болмайды екен. Біз ата-анамыздың бөлшектеріміз. Аяулы анамыздың бөлшегіміз. Әрине, құрсағына біткен күннен бастап шексіз мейіріммен жақсы көріп, тоғыз ай көтеріп қиналып жүрсе де қуанған, қаншама қиыншылықпен дүниеге әкелген бала ана үшін ыстық болары түсінікті ғой.  Енді ойлаңызшы, бір бөлшегің басқа қалада, жаныңнан жырақта. Уайымдайсың, сағынасың, хабарласқанын күтесің, не киіп, не ішіп жүргенінен бастап, қайда жүргеніне дейін ойлайсың. Қызық, сізді осынша уайымдап, сағынатын адам барда “мына әлемге керек емеспін” деп ойлау қаншалықты ақымақтық. Кейде сол бізді шын жақсы көретін, аса бағалайтын анамыздың махаббаты мен шексіз мейірімін құнсыз нәрсеге айырбастап жатамыз. Қаланың таңы мен күнін алма-кезек ауыстырып жүріп, ауылда бізден хабар күтіп отырған анамызға 24 сағатымыздың 3 минутын қиып хабарласа алмаймыз. Өкінішті.

Кей адамдар аналарына ренжіп жатады. Кейбір психологсымақтардың айтуынша, бала кездегі жарақат “детский травма” қалдырыпты-мыс. Бірақ біз мынаны түсінуіміз керек – ана да, әке де, ата мен әже де бірінші рет өмір сүріп жатыр. Иә, бізден өмір тәжірибесі көп болғанымен, бұл олардың алғашқы өмірі. Алдарынан не күтіп тұрғанын олар да білмеді. Өзі дұрыс деп ойлаған жолмен қолынан қаншалықты келсе, соншалықты тәрбиелеп өсірді. Өмірге жаңа келген, мына әлемнен хабарсыз сәби кезімізден, көңіліміз бен жағдайымызға қарады. Оның өтеуін біз өтей алар ма екенбіз?!

Иә, расында, ананың адам өмірінде алатын орны шексіз, орасан зор деуге болады. Себебі ана тек қана бір баланы емес, әлемнің тербеушісі. “Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді” дейді. Шын. Ананың он баласы болса, жүрегі он баласына да бірдей соғады. Бізді бар болмысымызбен, кемшілігімізбен, жасаған қателіктерімізбен қабылдай алатын жалғыз адам – ана. Сенің өміріңнің бастау алған сәтінен бастап, шексіз жақсы көре беретін, не деген құдіретті махаббат десеңізші… Біз үшін өмір кешкен, шын жүрегімен жақсы көретін адам барда бақыттымыз. Ата-анамыз аман жүргенде бақыттымыз. Анамыз барда бақыттымыз.

 Мәдина Нағашыбайқызы Сапар,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ 1-курс студенті

Жаңалықтармен бөлісу