Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі – қазақ отбасыларының өз баласын қазақ мектебіне беруден бас тартуы. Бұл тек бір мектеп немесе бір отбасының ғана мәселесі емес. Бұл – ұлттың келешегін айқындайтын, тіліміздің тағдырын шешетін күрделі ахуал.
Қазақ бола тұра, неге қазақша оқытпаймыз?
Өзге ұлттың өкілдері баласының болашағын Қазақстанмен байланыстырып, қазақша оқытуға ниет білдіріп жатқанда, неге қазақ отбасылары керісінше қадам жасайды? Қазақтың өз баласы ана тілін меңгермей өссе, ертеңгі күні «Неге мен өз тілімде сөйлей алмаймын?» деген сұрақты қоятыны анық. Ол сұрақтың жауабын кім береді? Жауапкершілікті кім көтереді? Әрине, ата-ана. Баланы мектепке беру – маңызды шешім. Ол шешім болашаққа жасалған инвестиция ғана емес, ұлт алдындағы аманатқа адалдықтың шынайы көрінісі. Осы мәселе «AMANAT» партиясы жанындағы өзім жетекшілік ететін азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінде де жиі көтеріліп жүр.
Мәселе – тілде емес, санада. Көп ата-ана балабақшаны, одан кейін мектепті таңдау кезінде өзінің ана тілін білмейтінін не болмаса білім сапасын сылтау етеді. Бірақ шындықты мойындайық: көптеген қазақ мектептері бүгінде пәндік олимпиадаларда, ұлттық байқауларда, ғылыми жобаларды жүзеге асыруда, ұлттық біріңғай тест тапсыру сапасы бойынша алдыңғы қатарда.
«Мемлекеттік тілді білу – парызым»: Жітіқарада ата-аналармен маңызды кездесу өтті.
№2 Мұса Шожанов атындағы қазақ орта мектебінде аудан балабақшалары мен шағын орталықтарындағы тәрбиеленушілердің ата-аналары қатысты. Бұл «Қармақшы жастары» қоғамдық бірлестігі мен Жітіқара ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп арнайы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде қолға алып отырған арнайы іс-шаралардың бірі десек болады.
Осы жиында Естай Есжанов атындағы №9 мемлекеттік тілде білім беретін мектепте оқитын өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде бар өнерлерін ортаға салғанын көрдік. Тілдері жатық. Еш шорқақтамайды. Сыртынан тыңдасаңыз, өзге ұлт екен деп те ойламайсыз. Ата-аналары да ризашылыықпен атсалысып, мектеп мұғалімдерінің тек мемлекеттік тілді үйретіп қана қоймай, білім берудегі сапалы еңбектерін ерекше бағалап отыр. Мысалы, жас ата-аналар Анна Клименко мен Ирина Досмағамбетованы үлгі етуге болады.
Жітіқарадаағы екі қазақ мектебінде 1-ден 6-сынып аралығында ұзартылған күн тобы ашылған. Бұл тағы да қазақ тілін білмейтін ата аналар мен балалардың үй жұмысын кәсіби білікті маманның қадағалауымен орындауға жасалып отырған тегін көмек. Ата-аналар мектеп ұжымына алғыс білдіріп, балалардың қазақ тілін меңгеруіне жасалған қолайлы жағдайларды атап өтті.
Соңғы үш жылда екінші мектепте 30 баладан екі топ тұрақты ашылып отыр. Бұл өте орынды. Бірақ тағы да қазақша оқытатын сыныптар ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Балабақшадан кейін қай тілде білім алуға көшеміз деген сәтте, ата-аналардың көбі екі ойлы болып отырғаны байқалды. Аудан бойынша қазіргі таңда 18 мектеп бар (оқушы саны – 4854), оның ішінде 2 мемлекеттік тілде білім беретін және 1 аралас мектеп жұмыс істейді.
Балабақшалардағы қазақ тобында орын болмағаннан орыс тілді топтарға берген ата-аналардың кейбіреулері қазақ мектебіне балаларын береміз деп бел буып отыр.
«Мемлекеттік тілде білім беретін ошақтардың мектепалды даярлық топтарында 40 бала оқиды, олар келесі жылы 1-сыныпқа барады. Ал биылғы балабақша түлектерінің саны – 90 болса, оның 60-ы қазақ мектептерінде білім алуды жоспарлап отыр», – дейді Жітіқара аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Тынышкүл Медетбаева.
Бүгінгі тәжірибе мен көрсеткіштер қазақ мектебінің сапасын дәлелдеп тұр. Ендеше, қазақ тіліндегі мектепке бармауға тағы қандай себеп іздейміз?
Мемлекеттік тілдің болашағын мемлекеттік қызметішлер бірінші кезекте ойлауға тиіс. Жітіқараны алайық, өңірдің қай қала-ауданын алайық, мемлекеттік қызметшілер өз баласын қазақ тілінде оқытып жатыр ма? Егер өздері таңдау жасамаса, қазақ мекетебінің білім сапасына күмәнмен қараса, жергілікті атқарушы билік ретінде қалай қазақ мектебінде білім алуға үгіт-насихат жүргізеді?
Негізі, қарап тұрсаңыз өз жерімізде отырып, қазақ тілінде оқыту үшін үгіт-насихат жүргізудің өзі ұят. Бюджет есебінен балабақшаға баратын қазақ балалардың қазақ тілінде оқуын неге заң жүзінде міндеттемемеске? Өзге ұлттар онсыз да таңдауын жасап жатыр.
Тіл – ұлттың тірегі. Одан айырылсақ, ұлт ретінде жойыламыз. Тіл тек қатынас құралы емес. Тіл – тарих, мәдениет, рух, болмыс. Қазақ мектебіне бару – ана тіліңде білім алумен қатар, өз ұлтыңның тамырымен байланысу. Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан диаспора өкілдері ана тілін сақтауға барынша тырысып жүр. Ал біз өз елімізде жүріп, ана тілімізден алыстап барамыз. Тіліміз жоғалса, егемен ел болуымыз да неғайбыл екені ащы шындық.
Таңдау – бүгін, жауапкершілік – ертең. Ата-ананың бүгінгі шешімі – ертеңгі ұрпақтың болмысына әсер етеді. Егер баламыз ана тілінде сөйлей алмаса, ол тек мектептің емес, ең алдымен ата-ананың таңдауының салдары. Қаншама ұлт өз тілінде сөйлеп, салтын сақтап, рухын биіктетіп отырғанда, біз неге ұяламыз? Неге өз тілімізде сөйлеуден қысыламыз?
Қара шаңырақтың киесі – тілде. Қара шаңырақты сақтап қалу – үйдің іргесін нықтау ғана емес, рухани мұраны сақтау, болашаққа жеткізу. Ол мұра – тіл, дәстүр, ұрпаққа қалатын болмыс. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір отбасы өзінен бастауы керек. Баласына ана тілін мұра етіп қалдырған ата-ана ғана ертең ұрпағы алдында жауап бере алады.
Өзге ұлттың баласы қазақша сөйлеп тұрғанда, қазақтың баласы өз ана тілін білмесе, біздің болашағымыз үшін үлкен қауіптің белгісі, ұлтқа таңған ауыр таңба.
Таңдау сіздің қолыңызда. Ана тілімен өмір сүретін ұлт қана мәңгілік ел бола алады. Ойлан, қазақ!
Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК
Жітіқара ауданы