Облыстың оңтүстік өңірлерінде су тасқынының зардабымен күрес жалғасып жатыр. Алыс-жақын елді мекендердің көбінде электр жарығы жоқ. Аманкелді ауданында бұл мәселе демеушілердің көмегімен біртіндеп шешімін тауып жатқанға ұқсайды.
Бұл туралы сол өңірдегі «Қостанай таңы» газетінің меншікті тілшісі Айбек Таңатбаев хабарлайды.
Астана қаласындағы «Біз біргеміз» ұйымы су басқан ауылдарға көмек ретінде бірнеше генератор мен қайық жеткізді.
Инертті материалдар мен қажетті заттар да әкелді.
Аманкелді ауданы Қосжан ауылының тұрғыны Бижамал Әубәкірованың елордалық азаматтарға айтар алғысы шексіз.
«Біз біргеміз» қоғамдық бірлестігінің атынан бірнеше мотор келді. Қосжан елді мекеніне бір қуаттандырғыш аппарат пен қайық алдым. Белсенділік танытып, ел-жұртқа қол ұшын созып жатқан жігіттерге мың алғыс», – дейді Бижамал Әубәкірова.