22 июня, 2025
Аманкелдіде «Домбыра айлығы» жарияланды

Аманкелдіде «Домбыра айлығы» жарияланды

Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінің алаңында ұлттық домбыра күні мерекесіне арналған бір айлық акцияның ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Қанат Кеделбаев, «AMANAT» партиясы Аманкелді аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марал Досымов қатысып, өнер сүйер қауымды айтулы бастамамен құттықтады.

Еске сала кетсек, батыр атындағы ауданда киелі домбыра аспабын насихаттауға арналған бұған дейін де талай ауқымды жобалар нәтижелі жүзеге асырылған болатын.  Бұл бастаманың да өскелең ұрпаққа ұлағатты тәрбие беретініне ұйымдастырушылардың сенімі зор.

 Айлық науқанның ашылу салтанатының шымылдығын аудан домбырашылары Құрманғазының «Балбырауын», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін нәшіне келтіре орындаумен түрді. Дүбірлі өнер кеші көрермендердің көңілін серпілтіп, рухын асқақтатты.

«Тобыл – Торғай өңірі бойынша біздің Аманкелді ауданы ең бірінші, халық саны жағынан өзге аудандармен салыстырғанда басым болмаса да мың домбырашы шығарып, тарихта қалдық. Жыл сайын ұлттық өнерімізді дамытып, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп жатырмыз», –дейді домбырашыларға жетекшілік жасаған аудандық музыка мектебінің басшысы Кенжеболат Ахметов.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                 Аманкелді ауданы