Аманкелдіде әлеуметтік сала мен қоғамдық жұмыстарға сұраныс артып келеді

Аманкелдіде әлеуметтік сала мен қоғамдық жұмыстарға сұраныс артып келеді

Елімізде осы айдан бастап халықты жұмыспен қамту орталықтары қайта құрылымдалды. Нақтырақ айтқанда, мемлекетімізде «Әлеуметтік кодекстің» күшіне енуіне орай жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек мобильдігі» орталықтары болып қайта құрылды. Мамандандырылған орталықтар барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда жұмысын бастайды. Арнайы мекеменің филиалдары «Мансап орталығы» деген атаумен халыққа қызмет көрсетеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ел аумағында 207 жұмыспен қамту орталығы бар. Соның бірі Аманкелді ауданы бойынша бұрынғы халықты жұмыспен қамту орталығы. Олар да «Мансап орталығына» айналды. Айта кетейік, «Еңбек мобильдігі» орталықтары «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР заңы бойынша бірқатар жұмыс жүргізуге құзіреттілік алады. Арнайы орталық «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасын жүзеге асырады.

Ауданда 2023 жылдың 1 маусымына дейін «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бойынша 16 адам грант алған. «Әлеуметтік жұмыс орындарына» – 15, «Жастар тәжірибесіне» –15, «Қоғамдық жұмыстарға» –50, «Алғашқы жұмыс орындарына» –4, «Ұрпақтар сабақтастығы» бойынша –1 және «Күміс жас» бойынша 8 адам жұмыспен қамтылған. Техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен 7 адам қамтылды.

            –Әлеуметтік сала құрылымы ұдайы өзгеріске ұшырап отырады. Биыл 1 шілдеден бастап мекеменің атауы мен құрылымы жаңаруда. Енді кейбір аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне қарайтын қызметтер облыс орталығы арқылы атқарылады. Жалпы, орталықта 13 адам қызмет етеді, – дейді сала басшысы Мұратбек Сейілбекұлы.

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 218 қаулысымен бекітілген. Осы кешенді жоспардың аясында республика бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылған халықтың санын көтеру мен азаматтардың табысының көлемін арттыру.

Аманкелді ауданында ауылдық округтардың берген мәліметтеріне сәйкес, бірінші кезекте шағын несие алушылар санатына жататын азаматтар қамтылған. Ал СПК «Тобыл» мекемесіне «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алу үшін Аманкелді ауданынан 83 өтініш түскен, 11 өтініші 69564,0 мың теңгеге мақұлданған.  Оның ішінде аудан бойынша жұмыссыздар санатына жататын 7 адам 41204,0 мың теңгеге және өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етіп отырған санатына жататын  4 адам 28360,0 мың тенгеге құжаттарын толық рәсімдеп, несие алады.

Биыл жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жастар санатына жататын  3 азаматқа несие беру қарастырылған және 15,0 млн тенге қаражат бөлінген. Негізі, құжаттарын рәсімдеген жастар «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы өтініштерін беріп, несиені АКК мекемесі арқылы конкурсқа қатысып алады.

Есепті кезенде толық құжаттарын рәсімдеген тұлға облыстық несие беру онлайн конкурсына қатысып отыр. Қарасу ауылдық округінен Бекет Қалдыгүл Жұмабекқызының өтініші, мал шаруашылығын дамыту жобасы бойынша тапсырған құжаттары конкурстық комиссиясының отырысында қаралып 5,0 млн тенге көлемінде несие алуға комиссияның шешімі шықты. Бүгінде кәсіпкер жұмысын бастап кетті.

Аманкелді ауданы облыс бойынша алдынғы қатарда келе жатыр. Кәсіп бастауға ниеттілердің көбі мал шаруашылығы бойынша несие алуға ниетті.

–Мен жеңілдетілген несие жайлы ақпаратты үйде отырып “Қазақстан” арасынан көріп, аудандық орталыққа барып сұрадым. Жауапты мамандар түсіндіріп қажетті құжаттар тізбесін берді. Мен көп уақыт өтпей жинап, үйімді кепілге қоюға құжаттар өткізіп, 15 күн шамасында құжаттар облыс орталығынан мақұлданды. Міне, енді қаражаттың түскенін күтіп отырмын. Алдағы уақытта өз кәсібімді бастаймын, –дейді аманкелділік Әйгерім есімді көп балалы ана.

Үкіметтен берілген мүмкіндікті пайдаланып, ұмтылып жүрген жандарға сәттілік тілейміз.

 

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу