25 мая, 2025
Аманкелді ауданының әкімі тұрғындарға үндеу жасады

Аманкелді ауданының әкімі тұрғындарға үндеу жасады

Былтырғы көктем мезгілі ол аудан үшін оңай болған жоқ. Еріген қар суы мен тасқын су аудан жұртшылығын біраз әбігерге салды. Оның салдарын жою бойынша ауданымызда біршама жұмыстар атқарылды.

«Былтырғы табиғи апат әрқайсымыз үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Қауіптің алдын алу мақсатында былтырғы жылдың аяғына дейін аудан көлемінде бөгеттер бөгеліп, тоғандар салынды. Биылғы жылы көктемгі еріген қар суы мен су тасқынына жан-жақты дайындық жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданымызға Қостанай облысынан арнайы жасақ келіп, тыңғылықты дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Олар ауданымызда су тасқыны аяқталғанша болады. Бүгінгі күнге текті аудан орталығы мен ауылдық елдімекендерден 34061 текше метр қар шығарылды. Жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Жалпы аудан бойынша көшелерді, жолдар мен тротуарларды қардан тазарту және қарды арнайы полигондарға шығару жұмыстарына бюджет қаражаты есебінен 50 млн.теңге қаржы бөлінді», – деді аудан әкімі Қанат Кеделбаев.

Осы орайда ауданның барша тұрғындарынан аулаларыңыздағы қарларды сыртқа шығаруларын сұрады. Бұл бірінші кезекте еріген қар суының үйге кіруіне жол бермейді. Себебі, мүлікті қорғау әрқашанда мүлік иесінің жеке жауапкершілігінде. Аула сыртына шығарылған қарларды арнайы орындарға шығару жұмыстарын ауыл және ауылдық округ әкімдері ұйымдастырады. Жалғыз басты, әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көмекке мұқтаж ауыл тұрғындарының аулаларындағы қарларды шығару үшін арнайы сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

«Қадірменді, жерлестер! Қыс айларында түскен қар мен жердегі тоңның қалындығына және өзендер мен су қоймаларындағы судың көлеміне тиісті сала мамандары сараптама жүргізіп, жіті бақылауда ұстап отыр. Қардың көлемі мен тоңның қалындығы былтырғыдан кем емес. Ауа-райыда күннен-күнге жылынып келеді. Казгидромет болжамы наурыз айының ортасынан жоғары температураны көрсетуде. Сол себептен, баршаңызды, тасқын суға қарсы күш біріктіріп, баспаналарыңыз бен мүліктеріңізді судан аман алып қалу үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын», – деді Қанат Кеделбаев.