Аманкелді ауданында жол мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Аманкелді ауданында жол мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Көктемгі тасқын Аманкелді-Үрпек жолының да ойран-асырын шығарған еді. Жауын жауса, қазір бұл аралық жеңіл көліктерге өткел бермейді. Мұндай кездері жол жөндеушілерге тиесілі ауыр техникалар жағдайды одан сайын қиындатып жіберетіні бар. Мибатпақ жол ойдым-ойдым шұңқырға айналады.

Осы бағыттағы Үрпек пен Қабырға ауылдарының арасындағы жолдың кейбір тұсы мәселелі болып тұр. Әсіресе, тасқынның салдары осы табандағы ауыл тұрғындарын әлі де әуре-сарсаңға салып тұр. Газетіміздің әлеуметтік желідегі парақшасына жол мәселесі бойынша түсіп жатқан шағым легі толастар емес.

«Міне, қатынас қиындағалы екі айдан асты. Мынау тұрған аудан орталығына әрең жетеміз. Нөсер жауса, езілген жолмен жүру қиямет-қайым. Бірнеше рет аудан әкімдігіне шағымданып айттық, еш нәтиже жоқ. Аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан ауылдың мәселесі шаш етектен. Тасқын су жолды ғана емес, электр желісі бағандарын да құлатты. Гуманитарлық көмекпен жіберілген генераторларды пайдаланып отырмыз. Оған үнемі жанармай керек, ол да қиын. Күніне 20 литр кетеді. Жақында волонтерлік штабтан қосымша көмек ретінде жанармай берді. Ол да жетпеді. Әкімдіктегілер «бағандарға ток тартуға су қиындық туғызып отыр» дегенді айтады. Біз өз көзімізбен көрдік, еш мәселе жоқ. Сөйтсек, жұмысты сағызша созып келе жатқан арадағы медігердің кінәсі екен», – дейді Қабырға ауылының тұрғыны Тынымбай Жақсылықов.

Оның айтуынша, Қабырғаға барар жолдағы Кемер, Алакөл, Қосжан елді мекендеріне де қатынас қиындап кеткен. Жақында біздің редакцияның шығармашлық ұжымы да мәселеге көз жеткізіп қайтты. Осыған байланысты жергілікті әкімдік «KomJolStroy» ЖШС-мен келісімге келген. Жалпы сомасы 47 млн теңгеге 2-3 шақырым жол жөнделуі керек. Жұмыс басталған. Бірақ құм төселген жолды жаңбыр кезінде олай-былай өткен көліктер бүлдіріп кетіп жатқан көрінеді.

«Мәселені шешу үшін облыс бюджетінен 1 млрд 371 млн теңге қаржы қаралып, қиыршық тас төсеу үшін мердігермен келісім жасалды. Қазір жөндеу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде», – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Осы бағыттағы жолдың негізгі заңды атауы – Аманкелді-Үрпек-Рахмет-Әліби. Бұл жергілікті маңызы бар жолдың 16 шақырымына дейінгі бөлігін уақытша қалпына келтіру тасқыннан соң, сәуір айының соңына таман басталған еді. Жергілікті әкімдікпен жасалған келісімшартқа сай «Алюминстрой» ЖШС жұмысты уақытымен бітіріп берді. Су жырып кеткен тұстарға тас үйіп, үстін сәл де болса тегістеді. Содан кейін барып, құны есептеліп, жөндеуге қаржы қарастырылды.

«Қазір аудан орталығы мен Үрпекті жалғап жатқан жолдың көктемгі тасқын шайып кеткен 2,1-12,8 шақырым аралығы, яғни 10,7 км жол жөнделіп жатыр. Оған облыс бюджетінен бөлінген қаражат – 454 млн теңге. «Танар» ЖК ұйымы мердігер ретінде зақымданған суағарларын реттеп, бұзылған жерлерді қайта қалпына келтіреді. Оның үстіне қиыршық тас төселеді», – деп қазіргі жағдайды түсіндірді Аманкелді ауданы әкімінің орынбасары Малшыбай Қаласов.

2024 жылы су тасқыны салдарынан «Бижан» бөгеті де зардап шеккен. Жергілікті атқарушы органның төтенше резерві есебінен оны уақытша қалпына келтіруге қаржы аударылып, «KomJolStroy» ЖШС іске кіріскен. Ол жұмыс та аяқталды. Енді толық қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.

Аманкелді-Үрпек тас жолында осы айда бір азамат қайтыс болды. Жерлестері кісі өлімінің бір себебін жол белгілерінің болмауынан көріп отыр. «Қауіпсіздік сақта» дегендей белгі қойылса дегенді айтады.

«Тұрғындардың мәселесіне, жергілікті билік назар аударса екен. Әкімдік тек уәдемен шектеліп, қағаз жүзінде есеп берумен келеді», – дейді Кемер ауылының тұрғыны Рысжан Байкенова.

Оның пікірінше, бұл жол мәселесі жылда қайталданып келеді. Биылғы тасқын қатты болып, жағдайды тіпті күрделендірген.

«Ауылда үйім бар. Жазда барып сиыр сауып, қаймақ-майымды жинаймын. Жарық та жоқ. Енді бірер айда қыс та қылаң береді. Шаруа шаш етектен. Алты бағанды жалғай алмай отырғанына екі айдан асты», – деп назын білдірді ол.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Суретті түсірген – Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу