Қостанай облысында көктемгі су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бірнеше ауданға, соның ішінде Жанкелдин ауданына келген судың салдарынан 88 тұрғын үй әртүрлі дәрежеде зардап шекті.
Мүлікті жедел бағалау және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында келтірілген залалды бағалау комиссиясы өз жұмысын жүргізді.
Жалпы, Жанкелдин ауданы бойынша техникалық қорытынды бойынша 68 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылса, 20 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Жанкелдин ауданында келтірілген шығынды анықтау жұмыстары толығымен аяқталды.
Тәуіш және Көлқамыс ауылдарында типтік жоба бойынша жаңа тұрғын үйлердің құрылысы бүгінде жеделдетілген қарқынмен жүргізілуде.
Айта кетсек, шығын мен өтемақы төлеу кезінде тұрғындардың тілегі ескеріліп, кейбірі Арқалыққа қоныс аударуға бел буды. 14 отбасы «Базис-А» серіктестігі салып жатқан 50 пәтерлік тұрғын үйден пәтер алуға баспана сертификаттарын алды.
Су тасқынынан зардап шеккендерге тек бұзылған баспаналары үшін ғана емес, мал шығыны үшін де өтемақы төленді. Ауданда жеке шаруа қожалықтары, сондай-ақ ірі мал шаруашылықтары бар. Бағалау комиссияларының мәліметінше, барлығы 1144 бас мал шығынға ұшыраған. Оларға төленген өтемақының жалпы сомасы 205 миллион теңгені құрады. Көптеген тұрғындар алған қаражатын мал шаруашылығын қалпына келтіруге жұмсауды ұйғарды, себебі мал шаруашылығы – Торғай өңірі тұрғындарының төл кәсібі.
Қазіргі таңда азаматтардан материалдық-техникалық құндылықтарға келтірілген залалды өтеу туралы өтініштер қабылданып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар көктемгі су тасқыны зардап шеккен ауданды қалпына келтіру үшін барлық ресурстарды жұмылдырды.