Аманкелді аудандағы Ақтұрсын Омарұлы атындағы балалар мен ересектерге арналған жабық бассейн мен спорттық-сауықтыру кешенінде жарыс өткізілді. Жарыс 2008-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында суда жүзуден Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Фариза Балғатайқызының жүлдесіне арналған.
Фариза Балғатайқызы Ильясова 1992 Аманкелді ауданында дүниеге келген. 2003 жылдан бастап Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиадалық резервінің республикалық мамандандырылған мектебінде білім алған. Қазақстанның барлық аймақтарында, сондай-ақ, Токио, Россия, Швейцария, Ташкент, Қырғыстан чемпионатына қатысып, жүлделі орындар иеленген спортшы.
Турнирдің мақсаты — аудандағы суға жүзу спортын дамуына ықпал жасау және суға жүзуді насихаттау. Жас спортшылардың шеберліктерін шыңдау, дене шынықтыру және спорт арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, денелерін шынықтырып, денсаулықтарын нығайту болып саналады.
Аудан әкімінің орынбасары Малшыбай Дүйсенұлы, Фариза Балғатайқызы құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
— Жерлесіміздің осылайша әлемге танымал болғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Себебі Фариза қызымызға қарап ертең өскелең ұрпақ саф түзейді. Өздерінің бойындағы қарым-қабілеттерінің қаншалықты жоғары екенін бағамдайды. Осы ретте белгілі меценат Сапар Ысқақовқа айтар алғысымыз шексіз. Ол теңдессіз жабық бассейн салып, аудандағы суда жүзу спортының дамуына үлкен жағдай жасады, — дейді М. Қаласов.
Аудан әкімінің орынбасары Фариза Балғатайқызына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, Алғыс хат, медаль, ақшалай және бағалы сыйлықтар берілді.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Аманкелді ауданы.